Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 26 трлн теңгеден асты

2026 жылдың басынан бері БЖЗҚ 13,6 млн қызмет көрсетті. Қызметтердің 98,9%-ы онлайн және автоматты форматта ұсынылған. Ең сұранысқа ие қызмет – зейнетақы шотынан үзінді алу, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2026 жылдың басынан бері халыққа 13,6 миллион қызмет көрсетті. Қордың негізгі міндеті – азаматтардың зейнетақы жинақтарын жинақтап, болашақта олардың төлемдерін қамтамасыз ету.
БЖЗҚ ұсынатын қызметтер қазақстандықтарға лайықты зейнетақы жинауға ғана емес, өз қаржылық болашағын жоспарлауға да мүмкіндік береді. Қор қызметтерінің басым бөлігі цифрлық форматта ұсынылып, клиенттердің сұранысына сай үнемі жетілдіріліп келеді. Қызметтердің сайт пен мобильді қосымша арқылы тәулік бойы (24/7) қолжетімді болуы – салымшылар қызығушылығының артуына ықпал етуде.
Қызметтердің 98,9%-ы онлайн көрсетілген
2026 жылдың 1 қаңтары мен 28 ақпаны аралығында көрсетілген 13,6 млн қызметтің 5,0 млн-нан астамы – электронды форматта, 8,3 млн-ы автоматты түрде көрсетілген.
Осылайша, қызметтердің 98,9%-ы қашықтан және автоматтандырылған форматта ұсынылған.
Ал офлайн форматта 144,8 мың қызмет көрсетілген, оның ішінде 140 мыңнан астамы Қор бөлімшелерінде жүзеге асқан.
533 мыңнан астам жаңа зейнетақы шоты ашылды
Есепті кезеңде автоматты түрде барлығы 533 898 зейнетақы шоты ашылған. Оның ішінде:
• 31 522 – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);
• 9 749 – міндетті кәсіптік жарналар;
• 130 133 – жұмыс берушінің міндетті жарналары;
• 5 881 – ерікті жарналар;
• 356 613 – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы нысаналы жинақ шоттары.
Айта кетейік, барлық зейнетақы шоттары алғашқы жарна түскен сәттен бастап автоматты түрде ашылады.
Ең сұранысқа ие қызмет – шоттан үзінді алу
БЖЗҚ қызметтерінің ішінде ең танымалы – зейнетақы шотынан үзінді алу. Жыл басынан бері 5,4 млн үзінді берілген. Оның 4,6 млн-ы – электронды форматта, ал 737,4 мыңы автоматты түрде ұсынылған.
Қор мамандары жеке кабинет арқылы ақпарат алу – ең ыңғайлы әрі сенімді тәсіл екенін атап өтті. Бұл қызмет БЖЗҚ сайты мен мобильді қосымшасында, сондай-ақ egov.kz порталында тәулік бойы қолжетімді.
2025 жылдан бастап пошта арқылы үзінділерді автоматты жіберу тоқтатылған. Дегенмен, қажет болған жағдайда өтініш беру арқылы пошта арқылы алу мүмкіндігі сақталған.
Қосымша қызметтер мен өтініштер
Салымшылар онлайн форматта:
• жеке деректерін өзгерту;
• шоттар туралы анықтама алу;
• төлемдерге өтініш беру;
• жинақтың бір бөлігін инвестициялық басқаруға аудару;
• болашақ зейнетақыны есептеу сияқты қызметтерді пайдалана алады.
Бір ай ішінде 17,2 мың өтініш – жинақты басқаруға беру бойынша, 20,1 мың өтініш реквизиттерді өзгерту бойынша қабылданған.
200 мыңнан астам адамға түсіндіру жұмысы жүргізілді
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 10,1 мың көшпелі таныстырылым өткізілді, 212 мың адам қамтылды, сондай-ақ БАҚ-та 7,8 мың материал жарияланды.
Сонымен қатар, call-орталық, сайт және әлеуметтік желілер арқылы 81,5 мың өтініш келіп түскен.
БЖЗҚ кез келген ұйымға зейнетақы жүйесі бойынша көшпелі түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға дайын. Ол үшін 1418 нөміріне хабарласуға немесе Қордың ресми сайтында өтініш қалдыруға болады.








