Қазір несие алатын заман емес, депозиттың уақыты келді – сарапшы

0

Несие алу қымбаттайды, ал депозит тиімді болады. Экономист Айбар Олжай базалық мөлшерлеменің қарапайым халыққа қандай әсері барын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір базалық мөлшерлеме деңгейі – 18%. Еліміздегі екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен 19 пайызбен несие ала алады. Сонымен бірге, Ұлттық банкке 17 пайызбен депозит сала алады. Осы базалық ставка арқылы Ұлттық Банк инфляцияны реттеп отырады.

Базалық мөлшерлеме теңгенің Қазақстан экономикасындағы құны деп айтсақ болады. Біздегі банктердегі несие мен депозит сыйақы мөлшерінің қанша болатыны базалық мөлшерлемеге тікелей байланысты. Бізде базалық мөлшерлемені Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті өз отырыстарында бекітіп отырады. Бір жылда осындай сегіз отырыс өтеді. Демек, базалық мөлшерлеме – ақша-несие саясатының негізгі құралы, — деді маман.

Айбар Олжай Ұлттық банктың базалық мөлшерлемені көтеру себебін де түсіндірді.

Оның себебі өте қарапайым. Ақша массасы тауарлар мен қызметтен көбірек болса, бірден қымбатшылық басталады. Яғни, ақша тым көп кезде инфляция күшейеді. Нарықтағы осы ақша массасын қаржыгерлер “өтімділік” деп атайды. Ал енді, егер базалық ставка жоғары болса, онда коммерциялық банк депозиттерінің де сыйақысы жоғары қойылады. Мысалы, қазір базалық ставка 18% кезінде, банк депозиттері өз клиенттеріне 20 пайыздық сыйақы ұсына алады, — деді ол.

Экономистің айтуынша, ақшаны депозитте ұстау өте тиімді, ал несие керісінше өте қымбат.

Кредит алу қазір кемінде 23-26 пайыз болуы тиіс. Ондай кезде адамдар кредит алмай, керісінше тұтыну моделінен жинақтау моделіне көшеді. Сондықтан қазір кредиттің заманы емес. Депозиттің уақыты келді. Осы кезде банк депозиттеріне ақшаны салу, жинау өте тиімді болады. Барлық өтімділік осы депозиттерге ауыса бастайды. Сәлден кейін нарықта басы бос ақша азаяды. Соның нәтижесінде, тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуі баяулап, инфляция жоспарланған қалыпқа келеді. Артынан кейін, инфляция сабасына түсіп жатса, орталық банктер базалық ставканы жайлап түсіреді. Ол кредиттің арзандап, экономикалық белсенділіктің қайта жандануы үшін қажет, — деді Айбар Олжай.

Маман экономиканы әрі-бері ырғалатын әткеншекке теңеді. Оны қажет кезде сырғытып, қажет кезде тежеп тұратын көзге көрінбейтін күш ақша-несие саясаты екенін атады. Ал базалық мөлшерлеме – осы саясаттың негізгі құралы.

Бұл классикалық экономикалық модель. Бірақ кейде Қазақстанның жағдайында жұмыс істемейді. Мысалы, базалық жыл басынан бері жоғары, кемінде 16 пайыз деңгейінде болды. Халыққа кредиттер өте қымбат проценттен, кемі 25 пайызбен берілді. Соның өзінде халыққа берілген кредиттер көлемі қазіргі қазан айында 22,7 триллион теңгеге жеткен. Оның 745 миллиард теңгесі уақытылы төленбей жатыр, просрочкада. Халыққа берілген кредиттердің 5,4 пайызы проблемалық, — деді ол.

Айбар Олжайдың сөзінше, несиелер, әсіресе импортты, шетелдік заттар көп алынса, ол теңге курсының әлсіреуі мен бағаның қамбаттауына тікелей әсер беретінін жеткізді. Сондықтан халық кредит алуды азайтқан сайын, инфляция да біртіндеп сабасына келуі тиіс екенін айтты.

Яғни, қазір жүріп жатқан тұтыну көлемі азайып қалуы шарт. Ал басы артық ақша тиімді болғандықтан депозитке кетіп қалуы тиіс. Экономикасы түзу, нарық жағдайындағы елдерде тура солай болар еді. Ал бізде қалай болады? Халық кредит алуды азайта ма? Оны уақыт көрсетеді. Келесі жылдың бірінші тоқсанынан кейін нақты саралай аламыз, — деді экономист.