КҚК-дегі шабуыл: Қазақстан экономикасы сыртқы қауіптерге қаншалықты дайын?

Экономист Айбар Олжай «15 минуттық экономика» жобасында аптаның ең маңызды экономикалық тақырыптарының біріне айналған Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымындағы жарылысқа жан-жақты талдау жасады. Оның айтуынша, бұл оқиға Қазақстан экономикасының сыртқы қауіптерге қаншалықты осал екенін айқын көрсетіп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дрон шабуылы және нақты залал
Экономист атап өткендей, 25 қараша күні Новороссийск маңында орналасқан Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалына катер түріндегі теңіз дроны арқылы шабуыл жасалған. Шабуыл салдарынан «выносное причальное устройство» (ВПУ) деп аталатын ВПУ-1 және ВПУ-2 қондырғылары айтарлықтай зақымданып, толықтай істен шыққан.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов кейінірек бұл оқиғаның салдарын ресми түрде растады. Министрдің мәліметінше, бұл шабуылдың салдарынан шамамен 480 мың тонна қазақстандық мұнай экспортқа шығарылмай қалған.
Айбар Олжайдың пікірінше, бұл дерек оқиғаның жай ғана техникалық ақау емес екенін көрсетеді.
Уақытша проблема ма, әлде ұзақ мерзімді тәуекел ме?
Сарапшы КҚК-дегі жарылысты бір реттік операциялық оқиға ретінде қабылдауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, басты сұрақ – бұл жағдай жекелеген нюанс па, әлде Қазақстан экономикасы үшін құрылымдық тәуекелдердің көрінісі ме деген мәселе.
Бұл қауіп біз үшін жылдар бойы сақтала ма, әлде осы жарылыспен бәрі аяқталды ма? Қазақстан экономикасына қысқа және ұзақ мерзімді әсері қандай болады? – деген сұрақтарды көтереді экономист.
Осы сұрақтарға жауап беру үшін, оның пікірінше, КҚК инфрақұрылымының ел экономикасындағы рөлін, техникалық жағдайын, жоспарланған жаңғырту жұмыстарын және мұнай экспортындағы балама бағыттарды кешенді түрде қарастыру қажет.
КҚК – Қазақстан экономикасының басты экспорттық артериясы
Айбар Олжай Каспий құбыр консорциумын Қазақстан экономикасының негізгі экспорттық артериясы деп атайды. Оның айтуынша, Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызы дәл осы КҚК арқылы сыртқы нарыққа шығарылады.
Қазіргі таңда Қазақстанда КҚК-ны толық көлемде алмастыра алатын балама ірі құбыр жүйесі жоқ. Жыл сайын 60-65 миллион тоннаға дейінгі қазақстандық мұнай осы бағыт арқылы, негізінен Еуропа нарығына жөнелтіледі.
Бұл көлемнің басым бөлігі еліміздің бюджетіне ең көп салық төлейтін Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарының мұнайы екенін экономист ерекше атап өтеді. Аталған кеніштердің барлығы – шетелдік серіктестер қатысатын бірлескен жобалар.
КҚК-ның теңіз терминалы – техникалық жағынан өте күрделі инфрақұрылым. Мұнай теңіздегі танкерлерге ВПУ-1, ВПУ-2 және ВПУ-3 секілді теңізден алыс орналасқан арнайы қондырғылар арқылы тиеледі.
Айбар Олжайдың айтуынша, дәл осы ВПУ жүйелері Қазақстан үшін қосалқы немесе екінші деңгейлі инфрақұрылым болып саналмайды.
Бұл – экспорттың үздіксіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық тораптар. Олардың істен шығуы Қазақстан экономикасына тікелей соққы болып тиеді, – дейді сарапшы.
Экономистің пікірінше, КҚК терминалының бұл элементтері Қазақстан мұнайының тұрақты экспортын қамтамасыз ететін негізгі буын саналады.








