Конституциялық реформа: Сарапшы комиссия жұмысына тоқталды

Парламенттік реформа комиссиясы жұмыс барысында Конституцияның өзге баптарын да өзгерту қажет деген қорытындыға келген. Бұл туралы саясаттанушы Риззат Тасым айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының айтуынша, бастапқыда құрылған комиссияның құзыреті шектеулі болған. Өйткені ол тек парламенттік реформаны қарастыру үшін құрылған еді.
Комиссияның негізгі функциясы тек парламенттік реформаға қатысты болды. Сондықтан оның өкілеттігі де сол бағытпен шектелді. Дегенмен жұмыс барысында Конституцияның басқа баптарына да өзгеріс енгізу қажеттігі байқалды, – деді саясаттанушы.
Оның сөзінше, комиссия жұмысының нәтижелері кейін өткен жылы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында талқыланған.
Бұл жиында Президент парламенттік реформа комиссиясының жұмысын қорытындылап, ұсынылған негізгі бастамаларды жария етті. Сонымен қатар бұл жұмысты кеңейтіп, оны арнайы конституциялық комиссия аясында жалғастыруды ұсынды, – деді Риззат Тасым.
Саясаттанушының айтуынша, осыдан кейін конституциялық комиссия құрылып, бірқатар отырыс өткізген.
Комиссия жұмысы барысында конституциялық өзгерістердің екі нұсқасы дайындалды. Оның бірі – 30 қаңтарда ұсынылған жоба. Кейін бұл нұсқа қайта талқыланып, толықтырылды, – деді ол.
Нәтижесінде 12 ақпандағы қорытынды нұсқа референдумға ұсынылатын конституциялық өзгерістер жобасы ретінде жарияланған.








