Түркістан облысында халықаралық инвестициялық ынтымақтастық аясында өңірдің инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жаңа жобалар талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Оңтүстік Кореядан келген инвесторлармен кездесіп, «Ақылды көше жарықтандыру жүйесін» енгізу, күн энергиясымен жұмыс істейтін жарықшамдар өндірісін жолға қою және жасанды интеллект негізіндегі «ақылды қала» технологияларын дамыту мәселелерін жан-жақты саралады. Бұл бастамалар Түркістан облысының заманауи әрі экологиялық таза өңірге айналуына ықпал ететін маңызды жобалардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Кездесу барысында Қанат Қайыпбек Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестіктің жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысы халықаралық инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келеді және шетелдік капиталды тарту арқылы өндіріс, энергетика, туризм мен цифрлық технологиялар салаларын дамытуға ерекше басымдық беруде.
– Корея Республикасы – Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы өзара сенімге негізделген ынтымақтастық өңірлік деңгейде де қарқынды дамып келеді. Түркістан облысы шетелдік инвесторларға барлық қажетті қолдау көрсетуге дайын. Біз үшін жаңа технологияларды енгізу ғана емес, өндірісті жергіліктендіру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру аса маңызды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Кездесуде соңғы жылдары Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық байланыстардың жаңа деңгейге көтерілгені айтылды. Атап айтқанда, өткен жылы Түркістан облысының делегациясы Корея Республикасына іссапармен барып, бизнес-семинарларға қатысып, бірқатар компаниялармен келіссөздер жүргізген болатын. Сонымен қатар Қазақстанға Корея Республикасы Президентінің мемлекеттік сапары барысында Түркістан облысының әкімдігі мен Корея халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашылды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында кореялық серіктестердің қатысуымен бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде Түркістан қаласында Кореяның беделді жоғары оқу орындарының бірі – Woosong университетінің филиалы ашылып, халықаралық деңгейдегі мамандар даярлау ісі қолға алынды. Сонымен қатар әлемдік энергетикалық компаниялардың бірі саналатын Doosan Enerbility компаниясымен қуаттылығы 926 мегаватт болатын бу-газ электр стансасын салу жобасы іске асырылуда. Бұл нысан өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өнеркәсіптің дамуына да серпін береді.
Кездесу барысында шетелдік инвесторларға Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті кеңінен таныстырылды. Бүгінде өңірде жалпы аумағы 3603 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Мұнда кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым дайындалып, салықтық және әкімшілік жеңілдіктер қарастырылған. Соның нәтижесінде облысқа тартылатын инвестиция көлемі жылдан-жылға артып келеді.
Кореялық инвесторлар өз кезегінде күн энергиясымен жұмыс істейтін көше жарықшамдарын өндіру жобасын таныстырды. Ұсынылған жоба аясында заманауи LED-шамдар күн батареялары арқылы қуат алып, электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл жүйелер арнайы датчиктер мен жасанды интеллект технологиялары арқылы көшедегі қозғалыс қарқындылығына қарай жарық деңгейін автоматты түрде реттей алады. Мұндай шешімдер коммуналдық шығындарды азайтып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ кездесуде бейнебақылау жүйелерімен, көлік қозғалысын бақылау құралдарымен және интеллектуалды басқару платформаларымен біріктірілген «ақылды қала» тұжырымдамасын енгізу мәселесі де талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай технологиялар қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, энергияны тиімді пайдалануға және қалалық инфрақұрылымды басқарудың сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында тараптар ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, техникалық және экономикалық негіздемелерін пысықтау туралы келісімге келді. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және Түркістан облысында жоғары технологиялық өндірістерді дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты.
Сарапшылардың пікірінше, кореялық инвестициялар мен заманауи технологиялардың келуі Түркістан облысының инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрақты экономикалық өсімге және халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына оң ықпал етеді.
