Қорғаныс министрлігі әскерде жақ сүйегі сынған сарбаздың жағдайы туралы айтты

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде жақ сүйегі сынған әскери қызметші Есбол Қапардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Гвардия гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде жарақат алған мерзімді қызметтегі әскери қызметші, қатардағы жауынгер Есбол Қапар сауығып келеді және Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Әскери-клиникалық госпиталінде оңалту курсынан өтуде. Оқиға мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында орын алған. Соның салдарынан олардың біреуінің жақ сүйегі сынып, жарақат алған. Зардап шегуші дер кезінде ауруханаға жатқызылды, оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетілуде. Денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында, — деп хабарлады ведомстводан.
Госпитальдың жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Владислав Мусатов әскери қызметшінің госпитальға түскен кездегі жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық болғанын, қазір оң динамика байқалатынын айтты. Жақын арада ол оңалту курсынан кейін әскери-дәрігерлік комиссиядан өтеді.
Дәрігердің айтуынша, шамамен бір айдың ішінде ол ауруханадан шығарылып, оған жарақаттанғанына байланысты демалыс беріледі.
Қорғаныс министрлігі 27 қаңтарда әскери полиция қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, тергеу іс-шаралары кезінде бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен шеттетілді. Жағдай ерекше бақылауда, тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді, — деп атап өтті ведомство.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімде сарбазға күш қолданылып, оның жақ сүйегі сынған.
Сондай-ақ, Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, ауыр жарақат алған сарбаздың әпкесі әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасаған болатын.








