ҚР ІІМ: референдум учаскелеріндегі жағдай тұрақты әрі тыныш

Референдум күні барлық жеке құрам күшейтілген режимде қызмет атқарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кез келген жағдайға жедел әрекет ету үшін – әр қала мен аудандық полиция бөлімдерінде мобильді жедел-тергеу топтары құрылған. Сонымен қатар, референдум учаскелерінің маңындағы аймақтарға бақылау күшейтілді. ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, Жедел басқару орталықтарына қосылған бейнекамералар арқылы да бақылау жүргізіліп жатыр.
Министрліктің барлық қызметтері кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайын. Қазіргі уақытта референдум учаскелеріндегі жағдай тұрақты әрі тыныш. Қоғамдық тәртіп бұзушылықтары тіркелген жоқ. Полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады, — деді спикер «Референдум – 2026» онлайн-марафоны аясында ОКҚ алаңында өтіп жатқан брифинг барысында.
ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, қалалардағы көшелер мен қоғамдық орындардағы жағдай тұрақты бақыланады. Бұл бақылау Жедел басқару орталықтарының бейнекамералары арқылы да жүргізіліп жатыр.
Азаматтардан немесе сайлау комиссияларынан түскен кез келген өтініш бойынша полиция қызметкерлері жедел әрекет етуде. Қазіргі уақытқа дейін референдум барысында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілері тіркелген жоқ. Полиция – дауыс беру толық аяқталғанға дейін қызметін жалғастырады. Негізгі мақсат – азаматтардың қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету», – деді спикер.








