Қытай халқы рекордық деңгейде азайып бара жатыр

Қытайда 2025 жылы 7,92 млн бала дүниеге келген. Бұл – әр мың адамға шаққанда 5,63 туу көрсеткіші, яғни Қытай Халық Республикасы құрылған 1949 жылдан бері тіркелген ең төмен деңгей. Мұндай деректі ҚХР Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өткен жылы елде 11,31 млн адам қайтыс болған. Осылайша өлім-жітім деңгейі әр мың адамға шаққанда 8,04 болды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытай халқының саны 3,39 млн адамға қысқарып, 1,404 млрд адамға жетті.
Қытайда халық санының азаюы қатарынан төртінші жыл тіркеліп отыр. Сарапшылар мұны тұрғын үй, білім беру мен денсаулық сақтау шығындарының қымбаттауы, сондай-ақ әйелдердің отбасын құрудан гөрі білім алып, мансап жасауға ұмтылуының артуымен байланыстырады.
Сонымен бірге қытайлықтар некеге құруды да азайта бастаған.
Еске салсақ, 2015 жылы «бір отбасы – бір бала» саясаты жойылғаннан кейін Қытай билігі алдымен екі балаға, ал 2021 жылы үш балаға рұқсат берген еді. Алайда бұл шаралар тек қысқа мерзімді туу өсіміне ғана әкелді. 2025 жылы ҚХР үкіметі әрбір балаға 3 600 юань (шамамен 440 еуро) көлемінде ақшалай субсидия енгізетінін жариялады.
Бұған дейін Қытай халқы 1960-1961 жылдары мәжбүрлі индустрияландыру салдарынан болған жаппай аштық кезінде азайған. Ел халқының соңғы өсімі 2021 жылы тіркеліп, сол кезде халық саны 450 мың адамға артқан. Ал 2023 жылы Үндістан Қытайды халық саны бойынша басып озды.








