Лифт пен домофон үшін төлем заңды ма? 2026 жылы тұрғындар не үшін төлеуге міндетті

2026 жылы қазақстандықтар бұрынғыдай негізгі коммуналдық қызметтер – жылу, жарық, су, газ, қоқыс шығару, лифтке қызмет көрсету, сондай-ақ көппәтерлі үйдің ортақ мүлкін басқару мен күтіп-ұстауға арналған жарналарды төлеуге міндетті. Ал лифтілерді ауыстыру, домофон орнату және басқа да қосымша жұмыстарға қатысты шығындар түбіртекке тек пәтер иелері жиналысының шешімі және бекітілген смета болған жағдайда ғана енгізіледі.
BAQ.KZ тілшісі көпқабатты үй тұрғындары нақты не үшін төлеуге міндетті екенін, лифт пен домофонға қатысты төлемдер қай кезде заңды саналатынын, сондай-ақ есептегіштердің дұрыс жұмыс істеуіне кім жауапты екенін анықтап көрді.
Меншік иелері не үшін төлеуге міндетті
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап бере отырып, Коммуналдық қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес міндетті төлемдерге жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру, газбен жабдықтау, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару, сондай-ақ лифтке қызмет көрсету жататынын еске салды.
Сонымен қатар «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум нысанын басқаруға және ортақ мүлікті күтіп-ұстауға байланысты шығындарды өтеуге міндетті. Мұндай жарналардың мөлшері жылдық шығындар сметасын есептеу әдістемесіне сәйкес меншік иелері жиналысының шешімімен бекітіледі.
Кондоминиум нысанын басқару және ортақ мүлікті күтіп-ұстауға арналған шығындар – бұл пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің міндетті жарналары. Олар шығындар сметасын есептеу әдістемесіне және ең төменгі шығын мөлшерін есептеу тәртібіне сәйкес жиналыс шешімімен белгіленеді, — деп жауап берді министрлік.
Лифт: төлем қашан заңды
Министрлікте лифтілерді күтіп-ұстау, жөндеу және ауыстыру тәртібі де түсіндірілді.
Лифт кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне жатады. Оны күрделі жөндеу немесе ауыстыру мәселесі меншік иелері жиналысының құзыретінде. Шешім көпшілік дауыспен қабылданып, хаттамамен рәсімделеді. Мұндай шешім барлық меншік иелері үшін міндетті.
Кондоминиум нысанының ортақ мүлкін, оның ішінде лифтілерді ауыстыру немесе күрделі жөндеу пәтерлер мен тұрғын емес үй-жай иелерінің көпшілік даусымен қабылданған хаттамалық шешім негізінде жүргізіледі, — деп түсіндірді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Егер лифтілерді ауыстыру немесе күрделі жөндеу шығындары бекітілген жылдық сметада қарастырылса, оларды ай сайынғы төлемге қосуға болады.
Бұдан бөлек, өңірлерге республикалық бюджеттен ортақ мүлікті күрделі жөндеуге, оның ішінде лифт жабдықтарын ауыстыруға бюджеттік несиелер беріледі. Бұл қаражат кейін меншік иелерінің жарналары есебінен қайтарылады.
Домофон мен бейнебақылау: төлеу міндетті ме?
Домофон жүйелері, бейнебақылау және басқа да әлсіз токты инженерлік жүйелер екі және одан да көп пәтерге қызмет көрсетсе, үйдің ортақ инженерлік жүйесіне жатады.
Алайда басты шарт – меншік иелері жиналысының шешімі және сервистік компаниямен жасалған келісімшарттың болуы.
Домофон жүйесін орнату туралы шешім жалпы жиналысқа қатысқан меншік иелерінің көпшілігінің келісімімен қабылданады. Қызмет көрсету шарты сервистік компания мен басқару нысаны немесе кондоминиумды басқару субъектісі арасында жасалады, – деп мәлімдеді министрліктен.
Сонымен қатар меншік иелері мына жағдайларда домофонға қызмет көрсету үшін:
- жалпы жиналыс шешімі болмаса;
- сервистік компаниямен келісімшарт жасалмаса;
- шығындар сметада бекітілмес, төлем төлеуге міндетті емес.
Келісімшарт пен жиналыс шешімі болмаса, мұндай төлемдерді түбіртекке енгізу заңсыз болып саналады.
Есептегіштер мен инженерлік желілер: кім жауапты
Егер электрмен жабдықтау шарты бойынша абонент тұрмыстық қажеттілікке энергия пайдаланатын азамат болса, онда энергетикалық желілер мен есепке алу құралдарының техникалық жай-күйі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті, заңда өзгеше көзделмесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымға жүктеледі.
Ал үйдің ортақ инженерлік жүйелеріне (оның ішінде ортақ есептегіш құралдарына) қызмет көрсету ОСИ, КСК немесе басқарушы компания жасасқан шарт негізінде сервистік қызмет субъектісі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Есептеулерді кім бақылайды
Коммуналдық қызметтер бойынша есептеулердің дұрыстығын жергілікті атқарушы органдар қадағалайды. Бақылау бірыңғай есеп айырысу орталықтары мен қызмет жеткізушілер ұсынған деректер негізінде жүргізіледі. Мақсат – есептеулердің ашықтығын қамтамасыз ету және тарифтердің сақталуын бақылау.
Егер меншік иесі есептеулермен келіспесе, ол:
- Қызмет көрсетушіге жазбаша түрде жүгінуге;
- Жергілікті атқарушы органға шағымдануға;
- Даулы мәселе шешілмесе, сотқа талап-арыз беруге құқылы.
Министрлікте заңнамадағы барлық өзгерістер «Әділет» порталында ресми түрде жарияланатыны да еске салынды.
Осылайша, коммуналдық қызметтер мен ортақ мүлікті күтіп-ұстауға арналған бекітілген жарналар міндетті болып қала береді. Ал лифт, домофон және басқа қосымша қызметтерге қатысты шығындар тек жиналыс шешімі мен келісімшарт болған жағдайда ғана заңды. Керісінше жағдайда мұндай есептеулер заңсыз деп танылуы мүмкін.








