“Мафия”: Шетелдік азамат Алматы әуежайындағы тексеріске наразы болды

Шетел азаматы Алматы әуежайы қызметкерлерінің әрекетіне шағымданып, оларды сыбайлас жемқорлыққа айыптады. Оқиғаға байланысты көліктегі полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Желіде тараған бейнежазбада ер адам ашуға булығып, айыптау жасаған.
Мафия, мафия, мафия. Менің ойымша, сіздерде өте үлкен коррупция бар, – деп айтқан.
Молдова азаматының айтуынша, Алматы әуежайындағы тексеріс кезінде туристерге деген көзқарас көңіл көншітпейді. Ол Қазақстан президентіне де үндеу жолдап, шетелдік қонақтарға қызмет көрсету мәдениетіне және елдің туристік имиджіне назар аударуды сұраған.
Өзін Игорь деп таныстырған ер адам құжат рәсімдеу кезінде велосипедінің сынғанын және паспортын тартып алғанын айтқан.
Бұл жағдайға қатысты Көліктегі полиция департаменті түсініктеме берді.
Тексеру барысында анықталғандай, шекаралық бақылаудан өту кезінде аталған азаматтың паспортында сәйкессіздіктер болған, кейбір беттері жетіспеген. Осыған байланысты ол мәліметтерді нақтылау және тереңдетілген тексеріс жүргізу үшін бағытталды, – деп хабарлады ведомство.
Департаменттің мәліметінше, құжаттағы бұзушылық фактісі расталған.
Жарияланған материалдағы өзге айыптаулар да тексерілді. Полиция қызметкерлерімен ешқандай жанжал болмағаны анықталды. Велосипедтің бүлінуі және өзге де жағдайлар туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, – деді департамент.
Шетелдік азаматқа заң талаптары түсіндіріліп, профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Ведомство мәліметінше, ол жағдайды толық түсініп, мемлекеттік органдардың әрекеттерінің заңдылығын мойындаған.
Кейін Игорь өзі де бейнежазба жариялап, инциденттің шешілгенін және полиция қызметкерлеріне шағымы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол полицейлердің мәселесін шешуге көмектескенін атап өтті.