Миллиондар желге ұшты: 380 азамат қаржы пирамидасына ақша салған

Қазақстанда кезекті ірі қаржы пирамидасы әшкереленді. Алаяқтар 380 азаматты алдап, қаржы пирамидасына кіргізген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті «Sirius Energy» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқару фактісі бойынша тергеу жүргізуде.
Ұйымдастырушы өзін чилилік «Sirius Energy» компаниясының өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды жаңартылатын энергия көздері саласындағы жоғары табыс әкелетін жобаларға инвестиция салуға үгіттеген.
Қаражат тек USDT криптовалютасы арқылы қабылданып, кейін қатысушыларға шартты бонустар көрсетілетін жеке кабинеттер ашылған. Салымшыларды тарту мақсатында күдікті Алматы және Астана қалаларында кеңсе ашып, тұрақты түрде тренингтер өткізген. Сонымен қатар Instagram және TikTok әлеуметтік желілері арқылы белсенді жарнама жүргізіп, заңды қызмет атқарып отырғандай әсер қалыптастыру үшін үшінші тұлғаның атына ЖШС тіркеген. Алайда іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетілмеген. Нәтижесінде 380 азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналған, — деп хабарлады ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Сондай-ақ, жәбірленушілердің бірі ұйымдастырушының жоғары табыс туралы уәдесіне сеніп, жобаға инвестиция салу үшін 3 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген.
Алайда ешқандай төлем жасалмаған, енді ол несиені пайызымен бірге өз қаражатынан өтеуге мәжбүр. Сот санкциясымен ұйымдастырушының банк шоттарына тыйым салынды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, — делінген ҚМА хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Астанада қыздар 45 азаматты алдап кеткені белгілі болды.








