Мұғалімдердің жалақысына қатысты келіспеушіліктер туындады

0

 Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Ұлытау облысындағы мектеп мұғалімдеріне еңбекақы азайтылды деген ақпарат қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы бұл жағдайға қатысты ресми мәлімет берді.

Келіспеушіліктің туындауына облыстық білім басқармасының педагогтерге азаматтық қызметшілердің ерекше еңбек жағдайлары үшін берілетін үстемақыны нақты оқу жүктемесіне емес, нормативтік жүктемеге сүйене отырып есептеу туралы шешім себеп болған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, педагогтердің еңбекақысы олардың апталық нормативтік оқу жүктемесіне қарай есептеледі. Бұл тәртіп ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №191 бұйрығымен бекітілген қағидаларда нақты көрсетілген.

Сонымен қатар, “Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік ұйымдар мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы” ҚР Үкіметінің №1193 қаулысына сәйкес, ерекше еңбек жағдайлары үшін 10 пайыз көлемінде үстемақы белгіленген.

Аталған үстемақы педагогтың нақты оқу жүктемесіне қарай есептелуі тиіс. Ал Ұлытау облысында кейбір лауазымды тұлғалар бұл норманы дұрыс түсінбей, еңбекақыны есептеу кезінде нормативтік жүктемені негізге алған.

Біздің пікірімізше, туындаған дау облыстық білім басқармасының жауапты өкілдері тарапынан құқықтық нормаларды дұрыс түсінбеуден туындап отыр. Қазіргі уақытта кәсіподақ ұйымы бұл мәселені шешу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр және педагогтердің құқықтарын қорғау үшін барлық заңды тетіктерді қолданбақ, — делінген Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының хабарламасында.