Мұнай бағасы өсті: Қазақстандықтардың жалақысы көтеріле ме?

Мұнай бағасының өсуі мұнай-газ компаниялары табысының артуына әкеліп, қазақстандықтардың жалақысын көтеруге мүмкіндік туғызуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, ұлттық валютаның тым күрт және шамадан тыс нығаюына жол бермеу үшін шикізат ресурстарынан түсетін салықтық және салықтық емес түсімдердің басым бөлігі Ұлттық қорда жинақталады.
Республикалық және жергілікті бюджеттер де ұтады, өйткені компаниялардың едәуір бөлігі мұнайдың барреліне шаққандағы құнына байланыстырылған экспорттық кеден алымын төлейді. Оның артуы түсімдердің өсуіне әкеледі, — деді ол Үкіметте өткен брифингте.
Сонымен қатар, Бозымбаев ұзақмерзімді болжам жасауға әлі ерте екенін атап өтті. Қазіргі уақытта билік мұнай құнына әсер етіп жатқан Таяу Шығыстағы жағдайды жіті бақылап отыр.
Қазір әлемдік нарықтағы бағаның ықтимал ауытқулары мен алыпсатарлық факторларды ескере отырып, сабырмен әрекет ету маңызды. Егер жағдай тұрақталса, баға тез төмендеуі мүмкін. Көптеген ел бағаны тұрақтандыру үшін өз резервтерін ашып қойды. Егер қосымша қаражат түссе, ол жергілікті және республикалық бюджеттерге түседі. Компаниялар көбірек табыс тауып, жалақыны көтере алады. Ал аударымдар — табыс салығы, әлеуметтік салық және басқалары бюджетті толтырады, сонда барып жалақыны индекстеу туралы шешім қабылдауға болады, — деп толықтырды ол.








