Нұрайдың өлімі: Тоқаев сынынан кейін полиция басшылығы қызметінен босатылды

ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасының қызметкерлерінің марқұм қыздың туыстарының өтініштерін тиісінше қарамаудың ықтимал фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қылмыстық іс шеңберінде жедел ден қоймау және уақтылы шаралар қабылдамау бойынша барлық дәйектер жан-жақты тексерілетін болады.

Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар қызметтік тергеу жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша басқарушылық жауапкершілік негізінде тәртіптік шаралар қабылданды.

Құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы және оның бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды. ІІМ заңды бұзуға ықпал ететін кез-келген фактілерге, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністеріне қатысты нық принципті ұстанады. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысы ІІМ бақылауында. Тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, — деп хабарлады ІІМ.

Бүкіл елді дүрліктірген іске қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық құрылтай барысында пікір білдірген еді.

Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.

Кейін полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады.

Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді.