ОРК дауыс беруді ұйымдастырудың негізгі мәселелерін қарастырды

Бүгін 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдум өткізу жөніндегі науқан шеңберінде ҚР Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Комиссия отырысында келесі мәселелер қаралды:

  1. Республикалық референдумды өткізу кезінде мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету туралы;
  2. Жергілікті атқарушы органдардың дауыс беруге арналған учаскелерді материалдық-техникалық жарақтандыру, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау, республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін референдум комиссияларына ұсыну бойынша жүргізген жұмысы туралы;
  3. Республикалық референдумда дауыс беру тәртібі туралы (оның ішінде есептен шығару куәлігі, онлайн-сервистер);
  4. Республикалық референдумды өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындау туралы;
  5. Республикалық референдумға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы.

Отырысқа Орталық референдум комиссиясының мүшелері, сыртқы істер, жасанды интеллект және цифрлық даму, ішкі істер министрлігі, сондай-ақ  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Бейне-конференциялық байланыс арқылы облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары аумақтық референдум комиссияларының төрағалары мен мүшелері, әкімі аппараттарының басшылары қатысты.

Жиын ОРК интернет-ресурсы мен Youtube арнасы арқылы сурдоаудармамен қамтамасыз ете отырып, онлайн форматта көрсетілді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ОРК мүшесі Ләззат Сүйіндік баяндады.

Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету — сөзсіз басымдық болып табылады. Қолжетімділік шараларын жүзеге асыру бақылауда, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен сайлау учаскелерін мониторингтеу, комиссия мүшелерін оқыту және мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін жаңа технологиялық шешімдерді сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде, — деп хабарлады ОРК мүшесі.

19 ақпанда ОСК жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысшы тобының кеңейтілген отырысында Брайль қарпін пайдалана отырып, дауыс беру үшін бюллетенді өз бетінше толтыруға арналған трафареттің алдын ала нұсқасы және дауыс беруге арналған барлық учаскелерде Конституция жобасының мәтінін екі тілде аудиодыбыстау таныстырылды.

Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров «барлық дауыс беру учаскелерінде Конституция жобасының мәтінін аудио сүйемелдеумен орналастыру — мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсіл болып табылады», — деп атап өтті. 

Аталған мәселе бойынша Президент жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейтжан қолжетімділік мәселелері Жұмыс тобының алаңында жан-жақты талқыланғанын, сондай-ақ айтылған барлық ескертулер мен ұсынымдар комиссия тарапынан ескерілгенін атап өтті. Сонымен қатар, трафареттің бірнеше рет сараптамадан өткенін, қойылған талаптарға сәйкес жетілдірілгенін және белгіленген нормаларға сай келетіндігі туралы пікір білдірді.

Екінші мәселе бойынша облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімі аппараттарының басшылары өңірлерде комиссияның 12 ақпандағы қаулысына сәйкес учаскелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуының қамтамасыз етілгенін, мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік жағдайлары жасалғанын, сондай-ақ референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері жасақталып, комиссияларға тапсырылғанын атап өтті.

Сондай-ақ өңір өкілдері call-орталықтар мен Telegram-боттардың жұмысы туралы, басқа өңірлерден келген студенттердің, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың және агломерацияларда тұратын тұрғындардың қатысуын қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндады.

Бұдан бөлек, инватакси қызметін ұйымдастыру және сурдоаударма қызметін көрсету мәселелері туралы да ақпарат берілді.

Үшінші мәселе бойынша Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов республикалық референдумда дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу тәртібін реттейтін заңнаманың негізгі нормаларын түсіндірді. Оның айтуынша, дауыс беру 10 411 референдум учаскесінде өтеді. 

Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Әлімбаевтың ақпаратына сәйкес шетелде дауыс беру Қазақстан Республикасы өкілдіктері жанындағы 62 шет мемлекеттегі 80 учаскеде жүзеге асырылады. 

ОРК мүшесі Азамат Айманакумов өз сөзінде азаматтарды ақпараттандыру мәселелеріне тоқталып, учаскелік комиссиялар референдумға дейін он күннен кешіктірмей дауыс беру күні, уақыты, орны және тәртібі туралы мәліметтерді жеткізетінін атап өтті.

Өңірлерде қазірдің өзінде әр түрлі форматтарды пайдалана отырып ақпараттық жұмыстары жүргізілуде.

Азаматтарды жеке ақпараттандыру үшін үй-үйді аралау және алдыңғы электоралдық науқандарда сынақтан өткен сәтті тәжірибе — QR-коды бар дербес шақыру қағаздарын тарату көзделген, — деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Сонымен қатар дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беру тетігі қаралды: тіркелген жерінен тыс жерде болатын азаматтар сайлаушылар тізімдері жалпыға бірдей танысу үшін ұсынылған сәттен бастап және дауыс беру күніне дейінгі күнгі сағат 18:00-ге дейін жеке басын куәландыратын құжатты ұсына отырып, жазбаша өтініш негізінде мұндай куәлікті алуға құқылы.

Үшінші мәселе аясында күн тәртібінде сондай-ақ референдум күні тіркелген жердегі учаскеде, азаматтың жазбаша өтініші бойынша учаскеден тыс, уақытша тұратын жерлерде және шетелде дауыс беру процедуралары қаралды.

Үшінші мәселе аясын жалғастыра отырып, Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман жасанды интеллект және цифрлық даму, ішкі істер министрліктерімен бірге екі онлайн-қызмет іске қосылып жатқанын хабарлады — «Электрондық үкімет» порталында тіркелу орны туралы ақпаратты тексеру қызметі және азаматтарды дауыс беру учаскелерінің мекенжайлары бойынша тіркеу қызметі. Бұл шешімдер ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге және азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруға бағытталған.

Қызмет азаматтардың жазбаша өтініші негізінде учаскелік комиссияларға eGov арқылы оның тіркелген мекенжайын растап, сайлаушылар тізіміне енгізуге мүмкіндік береді. Бұл қызмет 5 066 учаскеде қолжетімді болады, ал дауыс беру күні уақытша тіркелу мүмкіндігі 220 учаскеде қарастырылған, — деп түйіндеді Мұхтар Ерман.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин «Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімін орналастыру жоспарланып отырғанын хабарлады. Ол азаматтарды хабардар ету мәселесі қарастырылғанын айтып, ақпараттандыру SMS-хабарламалар, eGov Mobile қосымшасындағы push-хабарламалар, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың интернет ресурстардың бірыңғай порталы мен eGov порталында ақпараттық материалдар мен баннерлерді орналастыру арқылы жүзеге асырылатынын түсіндірді.

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша ОРК мүшесі Михаил Бортник хабарлама жасап, республикалық референдумда дауыс беруге арналған бюллетень туралы баяндады. 

Ол «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға сәйкес Орталық референдум комиссиясы дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң нысандары мен мәтiндерiн, жасау тәртiбiн белгiлейтіндігіне тоқталды. 

Осыған орай бюллетень жобасы дайындалып, оған референдумға қойылатын «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ енгізілген. 

Бюллетень жобасында «ИӘ, қабылдаймын» және «ЖОҚ, қабылдамаймын» деген жауап нұсқалары қарастырылған, сондай-ақ қорғау дәрежесіне қойылатын талаптар анықталып, полиграфиялық қорғау элементтерін қолдану көзделген.

Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктері өкілдерінің есептері мен ақпаратына сәйкес, республикалық тізімдерге жергілікті атқарушы органдар арқылы 12 461 796 азамат енгізілген. Сол себепті бюллетеньдер 12 586 413 дана көлемінде дайындалуы тиіс.

«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға сәйкес дауыс беруге арналған бюллетеньдер учаскелік референдум комиссияларына дауыс беруге дейін ерте дегенде үш күн бұрын және кемінде бір күн бұрын жеткізілетіні белгіленген.

Бесінші сұрақ бойынша ОРК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман ҚР Сыртқы істер министрлігі халықаралық ұйымдарға референдумды халықаралық байқауға қатысу үшін шақыру жібергенін, ал Орталық референдум комиссиясы екіжақты негізде 30-дан астам мемлекеттің орталық сайлау органдарына да шақыру жолдағанын атап өтті.

Қазіргі уақытта аккредитация үшін 3 халықаралық ұйым мен 5 мемлекеттен 21 байқаушының кандидатуралары ұсынылды: Әзербайжан Республикасынан — 2 байқаушы (оның ішінде Әзербайжан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Панахов Мазаир Магомед оглы),  Қырғыз Республикасынан — 2 байқаушы, Палестина мемлекетінен – 1 кандидатура (Палестинаның Қазақстандағы Елшісі Монтасер Абу Зейд мырза), Тәжікстан Республикасынан — 1 кандидатура (Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Елшісі Хайрулло Ибодзода мырза),  Таиланд Корольдігінен — 1 байқаушы. Сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар Миссиясынан — 7 кандидатура. Аталған миссияның өкілдері өз жұмыстарын ертең бастайды. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінен  6 байқаушы (оның ішінде аталған ұйымының Бас хатшысы Қайрат Сарыбай); Түрік Академиясынан — 1 кандидатура, — деп хабарлады Мұхтар Ерман.

Ұсыныстар түскен сайын байқаушылар туралы деректер жаңартылатын болады. 

Отырыс қорытындысы бойынша қаралған мәселелер бойынша Орталық референдум комиссиясының қаулылары мен актілері қабылданды.