Отбасы банк зейнетақымен ипотека төлеуді қайта ашты: Өтінім қабылдау басталды

Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарының артығын пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді Отбасы банкіндегі қарызды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде біржолғы зейнетақы төлемі (БЗТ) тек негізгі қарызды өтеуге бағытталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отбасы банктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, тиісті түзетулер ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен бекітілді. Жаңа талаптар 2026 жылдың 31 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Не өзгерді?
Бұған дейін зейнетақы жинағының артығын пайдаланып, ипотека бойынша ай сайынғы төлемді толық жабуға мүмкіндік болған. Яғни БЗТ есебінен:
• негізгі қарызды,
• банктің сыйақысын (пайыздарын),
• өзге де ілеспе төлемдерді төлеуге болатын.
Енді «берешек» ұғымы «негізгі қарыз» ұғымымен алмастырылды.
Бұл дегеніміз:
• БЗТ тек негізгі қарызды өтеуге жұмсалады;
• пайыздар мен басқа да ай сайынғы төлем құрамындағы сомаларды қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс.
Қарызды өтеу енді қалай жүреді?
Жаңа механизм екі кезеңнен тұрады:
Біріншіден, алдымен қарыз алушы өз қаражаты есебінен:
• банктің сыйақысын (пайызын),
• басқа да ілеспе төлемдерді төлейді.
Екіншіден, содан кейін ғана зейнетақы жинақтарының артығы есебінен негізгі қарыз өтеледі.
Осыған байланысты клиенттердің ағымдағы және арнайы шоттарында қажетті қаражат алдын ала болуы тиіс.
Өтінім қабылдау уақытша тоқтатылған еді
Жүйені жаңа талаптарға бейімдеу мақсатында:
enpf-otbasy.kz платформасында өтінім қабылдау 2026 жылғы 30 қаңтардан 2 наурызға дейін тоқтатылған.
30 қаңтарға дейін берілген өтінімдер бұрынғы ережелер бойынша қаралады.
Айта кету керек, БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарының артығын сұрату процесі өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған өзге бағыттар сақталады.
Мысал арқылы түсіндірме
1-мысал
Клиенттің артық зейнетақы жинағы – 100 000 теңге. Ай сайынғы төлем – 74 825 теңге, оның ішінде:
• 6 175 теңге – пайыз,
• 65 699 теңге – негізгі қарыз.
Бұрын: 74 825 теңге толық БЗТ есебінен төленетін.
Қазір: алдымен клиент 6 175 теңгені өз қаражатынан төлейді.
Содан кейін 65 699 теңге негізгі қарыз БЗТ есебінен өтеледі.
Қалған 34 301 теңге қосымша негізгі қарызды азайтуға бағытталады.
2-мысал (алдын ала қарыз)
Клиенттің артық жинағы – 200 000 теңге. Ай сайынғы төлем – 75 000 теңге:
• 25 000 теңге – пайыз,
• 50 000 теңге – депозитке міндетті жарна.
Бұрын: 75 000 теңге толық БЗТ есебінен жабылатын.
Қазір: клиент алдымен 75 000 теңгені өз қаражатынан төлеуі тиіс.
Содан кейін ғана 200 000 теңге БЗТ негізгі қарызды өтеуге жұмсалады.
Жаңа ережелер зейнетақы жинақтарын ипотекалық төлемді жабу құралы ретінде пайдалануды шектейді. Енді бұл қаражат тек негізгі қарызды азайтуға бағытталады.
Өзгерістер ипотекасы бар қазақстандықтардың ай сайынғы төлем жоспарлауына тікелей әсер етеді.
Еске салсақ, Отбасы банк Қазақстанда баспана кезегіндегі азаматтарға ескерту жасады. Енді баспана кезегіндегілер міндетті тексерістен өтетуі керек.








