«Өзім емделемін» деген келіншектің ісігі 25 келіге жеткен: Дәрігерлер бірегей ота жасады

Алматыда дәрігерлер жүктіліктің соңғы кезеңіне жеткендей алып ісігі бар науқастың өмірін сақтап қалған бірегей ота жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматылық келіншектің ішінде ісік пайда болып, ол 25 келіге дейін өскен. Бірақ әйел медициналық көмекке жүгінбеген және дәстүрлі емес әдістермен емделген.
1957 жылы туған науқас аурумен шамамен алты аптадан екі айға дейін ауырған деп хабарланды. Осы уақыт ішінде ол жақсаруға үміттеніп, әртүрлі тағамға қосылатын биологиялық белсенді қоспаларды қабылдаған. Алайда, ешқандай нәтиже болмаған — ісік тез өсе берген. Кейінірек туыстары айтқандай, әйел өз жағдайын жасырып, тіпті қоспаларды сатып алу үшін несие алған.
Тек жағдайы нашарлағаннан кейін ғана науқас Алматы онкологиялық орталығына онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Балтаевқа қаралған.
Компьютерлік томографияны қоса алғанда, тексеру кезінде іш қуысы мен жамбас қуысында алып ісік анықталған. Ісік 55-ке 35 сантиметрді құрап, іш қуысын толығымен толтырып, жамбас қуысына дейін созылған.
Дәрігерлер қажетті ота алдындағы дайындықты жүргізгеннен кейін шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдаған.
Ота шамамен 2-2,5 сағатқа созылды және ішперде артындағы ісікті күрделі, біріктірілген түрде алып тастауды және онымен байланысты процедураларды қамтыды. Отаны онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Балтаев және оның көмекшісі Ғалым Сармаш жүргізді. Алынған ісіктің салмағы шамамен 25 килограммды құрады. Гистологиялық зерттеу нәтижесінде некроз аймақтары бар дифференциалданған ретроперитонеальды липосаркома диагнозы қойылды, бұл қатерлі ісікті растады. Қазіргі уақытта науқас химиотерапиядан өтіп жатыр және мамандардың бақылауында, — деп хабарлады ДСМ баспасөз қызметі.








