Шетелдік интернет-дүкеннен тауар алатындарға жаңа салық енгізілді

Қазақстандықтар шетелдік маркетплейстер арқылы сатып алатын тауарларға қатысты кеден заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Енді халықаралық пошта жөнелтілімдері немесе тасымалдаушылар арқылы жеткізілетін интернет-сатып алулар «жеке пайдалануға арналған тауарлар» ретінде емес, «электрондық сауда тауарлары» деген жеке санатқа жатқызылады.
Осыған байланысты мұндай тауарлар жаңа құжат – «электрондық сауда тауарларына арналған декларация» арқылы міндетті түрде кедендік декларациялауға жатады. Алайда сатып алушылар декларацияны өздері толтырмайды. Барлық рәсімді олардың атынан «электрондық сауда операторлары» жүргізеді. Яғни тауарды алу тәртібі өзгермейді: сатып алушы сәлемдемені беру пунктінен алады немесе жеткізіп беру қызметін пайдаланады.
Негізгі өзгерістер бажсыз әкелу шегінен асатын тауарларға қатысты болмақ. Қазіргі қолданыстағы норма бойынша, 200 еуродан (шамамен 120 мың теңге) асатын бөлігіне 15% мөлшерінде кедендік төлем алынады. Сондай-ақ сәлемдеме салмағы 31 килограмнан асқан жағдайда әр килограмы үшін кемінде 2 еуро төленеді.
Жаңа түзетулер күшіне енгеннен кейін кедендік баж мөлшерлемесі өзгереді. Егер тауардың құны 200 еуродан асса, онда толық құнының 5%-ы мөлшерінде баж салынады. Бұл ретте 1 килограмы үшін кемінде 1 еуро төлеу талабы сақталады. Яғни төленетін сома тауардың құны немесе салмағы бойынша есептелген төлемдердің ішіндегі ең жоғарысына тең болады. Бұдан бөлек, 16% мөлшерінде қосылған құн салығы (ҚҚС) алынады.
Сонымен қатар құндық шек бұрынғы деңгейде – 200 еуро көлемінде сақталады. Ал салмақтық шектеу жойылады. Егер сәлемдеме құны 200 еуродан аспаса, жеке тұлғалар бұрынғыдай кедендік төлем төлемейді.
Электрондық сауда операторлары тауарларды жеткізуге, сақтауға, кедендік декларациялауға және тапсыруға жауапты болады. Кеден заңнамасына оларды тізілімге енгізу шарттары, құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ қызметін тоқтата тұру тәртібі айқындалатын жаңа тарау енгізіледі.
Аталған түзетулер Мемлекет басшысы қол қойған Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес жүзеге асырылады. Олар тиісті хаттама барлық мүше мемлекеттерде ратификацияланғаннан кейін күшіне енеді.








