Шиеленіс күшейіп келеді: Иран төңірегіндегі эскалация өңірге қалай әсер етуде

АҚШ, Израиль және Иран арасындағы текетірестің ушығуы өңірде алаңдаушылықты күшейтіп, жағдайды күрделендірді. Осы жағдайда сарапшылар болып жатқан оқиғалардың Таяу Шығыс елдеріне ықпалын бағалап жатыр. BAQ.KZ тілшісі бұл тақырыпты саясаттанушы Таир Нигмановпен талқылады.
Саясаттанушы Таир Нигманов қазіргі жағдайды «күтілген» немесе «күтпеген» деп біржақты бағалауға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, мұндай жағдайларда көп нәрсе Дональд Трамптың сыртқы саясат жүргізу стиліне байланысты, ол көбіне қысым көрсету мен болжап болмайтын әрекеттерге сүйенеді.
Дональд Трамптың сыртқы саясат жүргізу тәсілі өзіндік ерекшелікке ие. Ол үнемі кез келген қадамға дайын екенін көрсетуге тырысады. Жиі қоқан-лоққы жасап, тіпті кейде шынайы орындалуы екіталай болып көрінетін талаптарды да жариялап жатады. Соның бір бөлігін жүзеге асырады, бір бөлігін орындамайды. Мысалы, жуыр уақытқа дейін Венесуэла басшылығы мен Николас Мадуроға жасалған қысым оның қатаң шешімдерінің бірі ретінде айтылып келді. Мұндай саясаттың мәні – болжап болмайтын жағдайға негізделген. Яғни оның нақты қай жерде блеф жасап отырғанын, ал қай жерде соңына дейін баруға дайын екенін ешкім нақты білмейді. Осы арқылы ол мемлекеттерді келіссөзге итермелеуге тырысады, – деді саясаттанушы.
Өңірдегі Иранның рөлі туралы айтқан Таир Нигманов Тегеранның Таяу Шығыстағы негізгі ойыншылардың бірі болып қала беретінін және бірқатар ірі мемлекеттермен ықпал үшін бәсекелесіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тартыста діни фактордың да маңызы зор.
Иран – өңірлік көшбасшылыққа үміткер басты мемлекеттердің бірі. Бұл қатарда, әрине, Сауд Арабиясы, Түркия және Израиль де бар. Бұлар – аймақта ықпалы жоғары негізгі ойыншылар. Әрқайсысы өз әсерін әртүрлі тәсілдер арқылы жүргізеді. Әсіресе Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы тұрақты қарсыластықта дін факторы маңызды рөл атқарады. Иран – теократиялық шиит мемлекеті, ал Сауд Арабиясы – сунниттік ел. Олардың текетіресі кей жағдайда қарулы қақтығыстарға дейін ұласып жатады, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, Иранға жасалған қайталама соққылар мен ел ішіндегі қиындықтар оның тұрақтылығына әсер етіп, өңірдегі күштер тепе-теңдігін өзгертуі мүмкін.
Жарты жылдан сәл асқан уақыт ішінде Иранға екінші рет жасалған мұндай ауқымды соққылар елге әсер етпей қоймайды. Риал бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін құнсызданды, бұл да жағдайға ықпал етеді. Иран оқшаулану жылдарында түрлі тетіктер қалыптастырғанымен, ішкі ресурстар шексіз емес. Сонымен қатар ұзаққа созылған ішкі наразылықтарды да ұмытпау керек. Жалпы алғанда, мұның бәрі Иранның әлсіреуіне, сәйкесінше оның өңірлік көшбасшылық амбициясының төмендеуіне және күштер тепе-теңдігінің қайта бөлінуіне әкелуі мүмкін, – деп қосты сарапшы.
Өңірдегі шиеленістің күрт күшеюі аясында үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі туралы пікірлер де жиілей түсті. Алайда саясаттанушы Таир Нигмановтың айтуынша, жағдайдың күрделенгеніне қарамастан, әзірге жаһандық қақтығыс туралы айтуға ерте.








