Тағы бір куәгер Щучинстктегі жарылыстың мән-жайын айтты

Щучинскідегі кафелердің бірінде болған жарылыстың мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға куәгерлері жарылыстан кейінгі алғашқы минуттарда не болғанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Есімін айтудан бас тартқан тағы бір куәгер жарылыс кезінде оқиға орнына жақын жерде болғанын хабарлады.

Оның айтуынша, соққы толқынының қатты болғаны соншалық, ол жарылыс әсерінен шетке ұшып кеткен.

Мен жақын жерден өтіп бара жатқанмын. Жарылыс дыбысын естідім, мені ұшырып жіберді. Егер басқа жағымен жүргенімде, мұның немен аяқталарын білмеймін. Бәрі қас қағым сәтте болды, — деді куәгер.

Сондай-ақ, ер адам қаза тапқан бойжеткен танысының жиені екенін айтты. Қайғылы оқиға болған күні ол жұмыстағы кезекшілік ауысымында болған.

Оның сөзінше, бойжеткен әпкесімен бірге ауылдан келіп, жұмыс істеп жүрген.

Бұл олардың кезекшілік ауысымы еді. Олар ауылда жұмыс болмаған соң, екі күннен қатынап істейтін. Қиналып жүрсе де, тырысатын. Мұндай жағдайдың болғаны өте өкінішті, — деді ер адам.

Тағы бір куәгер оқиға болған кафеде газ баллондары бей-берекет тұратынынын айтты.

Еске салайық, 26 ақпан күні сағат 21:57 шамасында Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан  жеті адам қаза тапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.

26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.

Айта кетейік, Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ТЖД жанынан жедел желі ашылды.

Кейін жарылыстың бір куәгері әріптестерімен бірге зардап шеккендерге көмек көрсеткенін айтты.

Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.