Тарифтік қысым мен жаһандық белгісіздік: Трамп саясатының салдары қандай?

Әлемдік экономикалық процестердегі өзгерістер Қазақстанға да тікелей ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы саясаттанушы, халықаралық сарапшы Таир Нигманов өз пікірін білдіріп, АҚШ-тың өндірісті елге қайтару саясаты мен тарифтік қысымының салдарына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өндірісті АҚШ-қа қайтару – Трамптың басты мақсаты

Сарапшының айтуынша, Дональд Трамптың негізгі көздегені – нақты өндірісті қайтадан Америка Құрама Штаттарының аумағына көшіру.

Соңғы шамамен 50 жылға жуық уақыт ішінде өндірістік тізбектердің күрделенуімен қатар, түпкілікті тауардың өзіндік құнын арзандату мақсатында көптеген өндіріс орындары Азия елдеріне көшірілді, – деп түсіндірді Таир Нигманов.

Оның сөзінше, бұл үрдіс алдымен Қытай, Тайвань және Оңтүстік Корея сияқты елдерде байқалған. Бұған дейін Жапония да өндірістік орталықтардың бірі болған. Қазір инвестиция тарту жағынан Вьетнам мен Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа мемлекеттері белсенді көрініп отыр.

Сарапшы мұның нәтижесінде нақты экономиканың бір бөлігі АҚШ аумағынан тысқа шығарылғанын айтты.

Дональд Трамп өзінің алғашқы президенттік кезеңінде-ақ басты міндеттердің бірі ретінде өндірісті елге қайтаруды, жұмыс орындарының санын арттыруды және осы бағыттағы саясатты күшейтуді атап өткен болатын, – деді ол.

Тарифтер – негізгі құрал

Таир Нигманов бұл саясатты жүзеге асырудың басты тетігі ретінде тарифтердің көтерілуі қарастырылып отырғанын атап өтті.

Өндірістердің бір бөлігі арзан жұмыс күші мен төмен салықтарға байланысты Оңтүстік-Шығыс Азияға ауысқан болса, енді сол артықшылықтарды жою керек деген ұстаным бар, – деп атап өтті сарапшы.

Оның пікірінше, бұл арқылы АҚШ сырттағы өндірістің экономикалық тиімділігін азайтып, компанияларды ел ішінде жұмыс істеуге ынталандырғысы келеді.

Қытайды тежеу және жаһандық әсер

Саясаттанушы Трамптың сыртқы саясаттағы маңызды бағыттарының бірі – Қытайды тежеу екенін де айтты.

Ол Қытайға қысым жасауды, басқа елдердің Қытаймен байланысын қысқартуды көздейді. Алайда мұндай шаралар түптеп келгенде барлық тарапқа әсер етеді, – деді Таир Нигманов.

Ол өткен жылдың алғашқы жартысында Қытай мен АҚШ арасындағы тарифтік текетірес күшейген кезде әлемдік экономиканың баяулауы байқалғанын еске салды.

Бұл өз кезегінде мұнай бағасының төмендеуіне де ықпал етті, – деп мысал келтірді сарапшы.

Әлем экономикасының өзара тәуелділігі

Таир Нигманов әлемдегі экономикалық жүйелердің бір-бірімен тығыз байланысқанын ерекше атап өтті.

Бір жерде болған соққы міндетті түрде басқа өңірлерде де сезіледі, – деді ол.

Сарапшы Қазақстан мұндай өзгерістерді, ең алдымен, мұнай бағасының төмендеуі арқылы сезінуі мүмкін екенін айтты.

Мен саясат саласының маманымын, экономист емеспін. Дегенмен бұл үрдістердің жаһандық экономика үшін оң нәтиже әкелмейтіні анық, – деп түсіндірді ол.

Қазақстан үшін қауіптер: транзит пен әртараптандыру

Сарапшының пікірінше, мұндай тұрақсыздық Қазақстан үшін жағымсыз факторлар туындатуы мүмкін.

Еліміздің аумағы арқылы өтетін транзиттік сауда көлемінің азаю қаупі бар, – деді Таир Нигманов.

Ол Қазақстанның керісінше осы бағытты дамытуға және экономиканы әртараптандыруға ұмтылып отырғанын атап өтті.

Біз энергоресурстарға тәуелділікті төмендетуге тырысып келеміз, – деп толықтырды сарапшы.

Импульсивті саясат және инвестициялық тәуекелдер

Таир Нигманов Дональд Трамптың саясатын болжап білу қиын екенін айтты.

Егер төмендеу біртіндеп әрі алдын ала белгілі сценариймен жүрсе – бір басқа. Ал Дональд Трамптың саясаты көбіне импульсивті, күрт әрі тосын шешімдерге негізделеді, – деді ол.

Сарапшының сөзінше, тарифтік қысым елдерді белгілі бір әрекетке итермелеудің құралы ретінде жиі қолданылады.

Бұл әлемдік экономика үшін, инвестиция тарту үшін, ұзақ мерзімді жоспар құру үшін қолайлы орта қалыптастырмайды, – деп түсіндірді саясаттанушы.

Таир Нигманов жалпы тұрақсыздық пен белгісіздік ешбір елге пайда әкелмейтінін атап өтті.

Әсіресе Қазақстан сияқты елдерге қиын соғады. Өйткені біз шикізат өндіру мен бастапқы өңдеуге тәуелсіз жаңа экономикалық салаларға инвестиция тартуға тырысып келеміз, – деп түйіндеді халықаралық сарапшы.