Таяу Шығыстағы шиеленіс: Аргентина – Испания матчы өтпей қалуы мүмкін

Испания футболшылары қауымдастығы Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Финалиссима-2026 матчын Катарда өткізуге қарсы шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ Footmercato басылымына сілтеме жасап.
Ұйым өкілдері ойынды басқа елге ауыстыру қажет екенін мәлімдеді. Олар футболшылардың қауіпсіздігі спорттық және коммерциялық мүдделерден әрдайым жоғары тұруы тиіс екенін атап өтті.
Еске салайық, Еуропа чемпионатының қазіргі жеңімпазы Испания мен Америка кубогының иегері Аргентина арасындағы кездесу 27 наурызға жоспарланған. Матч Катардағы 2022 жылғы әлем чемпионатына арнайы салынған «Лусаил» стадионында өтуі тиіс.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы жағдайдың күрделенуіне байланысты Қатар футбол федерациясы ел ішіндегі турнирлерді уақытша тоқтатты. Сонымен қатар шетелдік ойыншылар мен клуб қызметкерлерінің бір бөлігі елден кетіп қалған.
Испания футболшылары қауымдастығы матч қақтығыс қаупі бар өңірде өтпеуі керек екенін атап өтті. Сондай-ақ ұйым әуе кеңістігінің қауіпсіздігіне қатысты ықтимал қауіптерге де назар аударды.
БАҚ балама алаң ретінде Еуропадағы бірнеше стадионды атап отыр: «Уэмбли» (Англия), «Парк де Пренс» және «Стад де Франс» (Франция), «Сантьяго Бернабеу» (Испания), сондай-ақ АҚШ-тағы ареналар.
Ал Қатар билігі қауіпсіздікті толық қамтамасыз ете алатынын айтып, матчты өткізу құқығын сақтап қалуға ниетті екенін мәлімдеді. Финалиссима матчының нақты қай жерде өтетіні туралы түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.








