Трамп барлық елден келетін импортқа баж салығын 15%-ға дейін көтерді

Дональд Трамп АҚШ Жоғарғы сотының шешіміне жауап ретінде импортқа салынатын уақытша баж салығын 10%-дан 15%-ға дейін арттырды. Ол судьяларды сынға алып, олардың әрекетін экономика мен ұлттық мүдделерге қауіп төндіреді деп айыптады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоғарғы сот Трамп өткен жылы енгізген баж салығы кезінде өз өкілетін асыра пайдаланғанын және Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заңға (IEEPA) сәйкес Конгрестің мақұлдауын алуы тиіс болғанын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде президент тарифтерді «заң жүзінде рұқсат етілген деңгейге» – 15%-ға дейін көтеретінін жариялады, — деп жазады The Guardian.

1974 жылғы сауда туралы заңға сәйкес, президент 150 күнге дейінгі мерзімге 15%-ға дейін баж салығын енгізе алады. Осы уақыт өткен соң Конгрестің келісімі қажет болады. Бұл кезеңде әкімшілік жаңа баждарды енгізу бағытында жұмыс істейді.

Кейбір тауарлар, соның ішінде стратегиялық маңызы бар минералдар, металдар мен фармацевтикалық өнімдер, сондай-ақ USMCA талаптарына сәйкес Канада мен Мексикадан келетін тауарлар уақытша баж салығынан босатылған. Болат, алюминий, ағаш материалдары мен автокөліктерге қатысты жекелеген салалық баждар өз күшінде қалады.

Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамп әйгілі футболшы Роналдуды Америкаға шақырған болатын.