Түркістан облысында волонтерлік қозғалыс белсенді түрде дамып жатыр 

🔰Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ 2026 жылды тұрақты даму мақсатында Халықаралық волонтерлер жылы (IVY 2026) деп жариялады. Бұл бастама волонтерлік қызметтің қоғамдағы рөлін арттыруға, еріктілер қозғалысын қолдауға және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Осы орайда Түркістан облысында волонтерлік қозғалысты жандандыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
⚜️Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «Халықаралық волонтерлер жылы» аясында республикалық волонтерлер фронт-офисі өкілдерімен кездесті.
🔰Кездесу барысында өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, волентерлік қозғалыстың қазіргі даму деңгейі мен атқарылып жатқан жұмыстар және мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған ұсыныстар талқыланды.
⚜️Ертай Кенжебекұлы өңірде волонтерлік қозғалыс жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.
🔰– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлікті дамыту бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысы – еліміз бойынша жастар ең көп шоғырланған мекен. Бүгінде облыста жастар саны 600 мыңнан асады. Өңір жастары елдегі төтенше жағдайлар кезінде елге көмектесу бойынша алдыңғы қатардан табылып келеді. 2020 жылы еріктілеріміздің саны 8 мыңға жуық болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 24 мыңға жетті, – деген облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істуге дайын екенін жеткізді.
⚜️Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, биыл республикалық деңгейде волонтерлік бағыт аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Атап айтқанда, республикалық «ZHAS CAMP» лагерін және «Asyl mura» волонтерлік әлеуметтік жобалар байқауы және «Jas saq» этно-реалити шоуы, «Ясауи әлемі» атты квест сайысын және «Білімді жастар-ел ертеңі» атты жас көшбасшылар жобасын ұйымдастыру жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған іс-шараларға дайындық жұмыстары басталып кетті.
🔰Өз кезегінде «Ұлттық волонтерлік желі» фронт офисінің жетекшісі Айбек Досымбетов волонтерліктің қоғамдағы маңызына тоқталып, елімізде волонтерлік қозғалыс соңғы жылдары біршама жүйеленіп, сапалық тұрғыдан дамып келе жатқанын жеткізді.
⚜️– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еріктілер ісін дамытуға арналған, 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды стратегиялық құжат әзірлеуді тапсырды. Бұл құжат волонтерлік қозғалысты жүйелі түрде қолдап, халықаралық міндеттемелерге сай дамытуға бағытталмақ. Өңірлерді аралаудағы басты мақсатымыз – осы тұжырымдаманың негізгі жобасын жергілікті деңгейде қалыптастыру. Жұмыс сапарларының қорытындысы бойынша талдау жасалып, нақты ұсыныстар әзірленеді. Қазіргі таңда жалпы саны 12 әдістемелік нұсқаулық әзірленіп, бекітілді. Бұл жұмыстар тек қоғамдық бағытпен шектелмей, әр салаларда волонтерлікті дамытуға бағытталған. Мәселен, экологиялық бағытта волонтер болуға ниетті азаматтар іріктеліп, арнайы оқытудан өткізіліп, кейін тұрақты түрде волонтерлік жұмыстарға тартылатын болады, – деді ол.
🔰Айта кетейік, Түркістан облысында бүгінде 149 волонтерлік ұйым тіркелген. Белсенді еріктілер саны 24 298 жасты құрайды. Облыстық, аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтары жанында, сондай-ақ Ұлттық волонтерлік желінің фронт-офистері ретінде жалпы 36 ұйым жұмыс істейді. Өткен жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 7 225 іс-шара өткізіліп, 625 280 жас қамтылды. Ал қазіргі таңда жыл басынан бері 193 559 жас қамтылған 1991 шара өткізілді.
⚜️Жалпы соңғы 6 жылда Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс айтарлықтай дамып, тұрақты өсім көрсетуде. 2020 жылы 50 мың болған волонтерлер саны бүгінде 300 мың адамға жеткен. Сонымен қатар қоғамдық пайдалы іспен айналысатын ұйымдардың қатары 800-ден асты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі