Түркістандағы «Фуд-Мастер»: Нормадан бірнеше есе жоғары ластаушы зат анықталды

Түркістан облысы Төле би ауданы Көксәйек ауылы тұрғындарының шағымына сәйкес, көрсетілген аумақтан тиісті су сынамаларын алған облыс бойынша Экология департаменті сынама нәтижесімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Нәтижесінде су сынамаларын талдау нәтижесінде өндірістік ағызу құбырынан алынған судағы аммоний иондарының мөлшері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № ҚР ДСМ-138 «Ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық суды пайдалану қауіпсіздігі көрсеткіштерінің гигиеналық нормативтерін бекіту туралы» бұйрығымен белгіленген нормадан 12,112 есе, хлоридтердің мөлшері 1,215 есе, ал БПК5 көрсеткіші 20 есе жоғары екені анықталды.

«Фуд Мастер Шымкент» ЖШС экологиялық рұқсат құжаттарын алған.

Осы факті бойынша Түркістан облысы Төлеби ауданы прокуратурасының хаты негізінде Экология департаменті тексеру тағайындау туралы актіні құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркеуге жолдады, — делінген хабарламада.

Департамент тексеру нәтижелері бойынша экологиялық заңнаманың бұзушылықтары анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданатын болатынын айтты.

Осыған дейін Түркістан облысы Төле би ауданы Көксәйек ауылының тұрғындары редакциямызға осы мекемеден шыққан қалдық суға шағым түсіріп, хабарласқанын жазған едік.