ҰБТ форматы қалай өзгереді?

Үкіметтегі брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) форматын қайта қарау мәселесі күн тәртібінде тұрғанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл қадам жоғары оқу орындарындағы білім сапасына қатысты айтылған сыннан кейін қолға алынған.
Оның сөзінше, министрлік білім мазмұнын жаңартуға бағытталған жүйелі шараларды әзірлеп, кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Соның алғашқысы – жоғары білім жүйесіне қабылдау тетіктерін жетілдіру.
Білім мазмұны бойынша бірқатар жүйелі шараларды әзірлеп, іске асырып жатырмыз. Соның ішінде жоғары білімге қабылдау кезеңіне ерекше мән беріп отырмыз. Ұлттық тестілеу стандартын қайта қарау қажет екенін бірнеше рет көтердік, – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы АҚШ-қа жасаған сапары аясында тест тапсырмаларын әзірлейтін халықаралық компаниямен келісімге қол қойылғанын да еске салды.
Министрдің мәліметінше, жаңа тест форматы қазір әзірленіп жатыр. Ол талапкерлердің білімін тереңірек бағалауға мүмкіндік береді.
Жаңа формат бойынша тест нәтижесі бір ғана жиынтық балмен шектелмейді. Мысалы, бұрынғыдай 133 балл емес, нәтижелер бірнеше модульге бөлінеді. Бұл талапкерге өз деңгейін нақтырақ түсінуге мүмкіндік береді. Admissions Insight Test (AIT) деп аталатын жаңа тестті әзірлеуге үздік тестологтар тартылды, – деді министр.
Оның айтуынша, жаңа тест форматын енгізу бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алғашқы пилоттық жоба 2027 жылға жоспарланып отыр.
Бұл бағытта ешқандай күрт өзгеріс болмайды. Талапкерлер үшін күтпеген шешімдер қабылданбайды, – деп түйіндеді Саясат Нұрбек.
Белгілі болғандай, «Болашақ» шәкіртақысы жаңа оқу жылына дейін өзгеруі мүмкін. Қазіргі уақытта шәкіртақыны арттыру мәселесі қаралып жатыр.








