Утильалым өсімі: Көлік бағасы қалай өзгереді?

Қазақстанда Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан әкелінетін автокөліктерге утилизациялық алым мөлшерлемелерін 14,6 еседен 38,8 есеге дейін арттыру ұсынылып отыр. Бұл өзгеріс утилизациялық төлемді есептеу әдістемесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрық жобасында қарастырылған.

Ұсыныс қоғамда ең әуелі бір сұрақты туындатты: утильалымның күрт өсуі автонарықтағы бағаға қалай әсер етеді? BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.

Негізгі мақсат – «теңгерімсіздікті» жою

Өнеркәсіп министрлігінің редакцияның ресми сауалына берген жауабында Ресей Федерациясында утилизациялық алым мөлшерлемелері «РФ Үкіметінің 2013 жылғы 26 желтоқсандағы №1291 қаулысы», Беларусь Республикасында «Беларусь Министрлер Кеңесінің 2021 жылғы 16 қарашадағы №647 қаулысы» арқылы реттелетіні айтылған.

Қазақстандағы утилизациялық алым мөлшерлемелерін Ресей мен Беларусьтегі салыстырмалы деңгейге келтіріп, саудадағы теңсіздікті жою.

Ұсынылып отырған шараның негізгі мақсаты – Қазақстандағы утилизациялық алым мөлшерлемелерін Ресей мен Беларусьтегі салыстырмалы деңгейге келтіру арқылы теңгерімсіздікті жою және Беларусь, Қазақстан мен Ресей арасындағы саудада нарықтарға қолжетімділіктің тең бәсекелестік шарттарын қалыптастыру, – деп түсіндірді Өнеркәсіп министрлігі.

«Теңсіздік қайдан шықты?»

Өнеркәсіп министрлігінің жауабына сәйкес, Ресейде утильалым мөлшерлемелері «РФ Үкіметінің 2013 жылғы 26 желтоқсандағы №1291 қаулысымен», ал Беларусьте «Беларусь Министрлер Кеңесінің 2021 жылғы 16 қарашадағы №647 қаулысымен» реттеледі.

Министрлік қолданыстағы деректер бойынша Ресей мен Беларусь Қазақстаннан жеткізілетін автомобильдерге утильалым мөлшерлемелерін үшінші елдерден келетін импортпен салыстырғанда жоғары деңгейде қолданатынын алға тартады. Осы жағдай қазақстандық көліктердің бұл елдердің нарықтарына қолжетімділігін шектеп, саудада теңсіздік туындатып отырған көрінеді.

Сондай-ақ ведомство 2023–2025 жылдары Ресей мен Беларусьта утильалым мөлшерлемелері айтарлықтай өскенін және әкімшілік талаптар қатаңдағанын атап өтті. Бұл Қазақстаннан бұл елдерге автомобиль экспортын күрт төмендеткен.

Ресей мен Беларусь Қазақстаннан жеткізілетін автомобильдерге үшінші елдерден келетін импортпен салыстырғанда жоғары утилизациялық мөлшерлемелер қолданады. Ал Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына жеткізілетін техника үшін алымдар әлдеқайда төмен, – делінген министрлік жауабында.

Утильалым қалай есептеледі?

Министрлік утильалым есептеу формуласы өзгермейтінін, алайда елге байланысты коэффициент қолданылатынын атап өтті. Есептеу тәртібі мынадай:

Ут = базалық мөлшерлеме × коэффициент

Министрліктің дерегінше, базалық мөлшерлеме 50 АЕК, ал 2026 жылға 50 АЕК 216 250 теңге болады.

Министрлік мысал ретінде М1 санатындағы және қозғалтқыш көлемі 1 000 см³ дейінгі көлік құралын келтірген.

Армения Республикасынан, Қырғыз Республикасынан және ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден әкелінген жағдайда – 324 375 теңге; Беларусь Республикасынан және Ресей Федерациясынан әкелінген жағдайда – 4 757 500 теңге, – деп нақтылады ведомство.

Бұған дейін Беларусь пен Ресейден келетін көлік құралдарына елге байланысты саралау қолданылмай, әдістемедегі жалпы мөлшерлемелер жүріп келген. Мәселен, осы санаттағы көлік үшін утильалым 324 375 теңгені құраған.

Министрлік: баға өседі, бірақ бұл барлық импортқа әсер етпейді

Өнеркәсіп министрлігі Ресей мен Беларусьтен әкелінетін автокөліктердің құны айтарлықтай өсетінін жоққа шығармайды. Дегенмен ведомство ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанда өндірілетін автокөліктерге әсер етпейтінін баса айтты.

Министрлік сондай-ақ бұл өзгерістер Армениядан, Қырғызстаннан және ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден әкелінетін импорт құнына да ықпал етпейтінін мәлімдеді.

Ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанда өндірілетін автокөліктердің, сондай-ақ Армения Республикасынан, Қырғыз Республикасынан және ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден әкелінетін импорттың құнына әсер етпейді, – деп атап өтті ведомстводан.

Электромобильдер: өсім тек Ресей мен Беларуське қатысты

Электромобильдерге қатысты да түсіндірме берілді. Министрлік ұсыныс тек Беларусь пен Ресейден әкелінетін көліктерге ғана қолданылатынын, ал басқа елдерден келетін электромобильдер импортына әсер етпейтінін хабарлады.

Жобада Армения Республикасынан, Қырғыз Республикасынан және сондай-ақ ЕАЭО-ға кірмейтін үшінші елдерден әкелінетін көлік құралдарына, оның ішінде электромобильдерге қатысты утилизациялық алым мөлшерлемелерін арттыру көзделмеген, – делінген жауапта.

Жүк көлігі, автобус және ауыл шаруашылығы техникасы

Утильалым өсімі жүк көліктері, автобустар және ауыл шаруашылығы техникасына да қатысты екені айтылды. Алайда бұл да тек Ресей мен Беларусьтен келетін импортқа ғана қолданылмақ.

Министрлік Қазақстанда өндірілетін техника мен Армения, Қырғызстан және үшінші елдерден келетін импорт үшін мөлшерлемелер өзгеріссіз қалатынын жеткізді.

Тасымал құны мен ауыл шаруашылығы шығындарына ықтимал әсер тек Ресей мен Беларусьтен келетін импортқа қатысты болуы мүмкін, – деп түсіндірді ведомство.

Экономист: утильалым өссе, бағаға тікелей әсер етеді

Экономист Бауыржан Ысқақов Ресей мен Беларусьтен келетін көліктерге утильалым мөлшерлемесі артса, бұл импорттық көліктердің өзіндік құнына қосымша шығын ретінде тікелей әсер ететінін айтты.

Оның сөзінше, утильалым – көлікті елге әкелген кезде төленетін міндетті төлем. Егер ол жоғары болса, импорттаушылар бұл төлемді өз шығындарына қосып, кейін бұл шығын соңғы бағамен сатып алушыға өтуі ықтимал.

Утильалымның өзі – көлікті елге әкелетін кезде төленетін міндетті салық немесе алым. Егер ол жоғары болса, импорттаушылар да сол қосымша төлемді алдын ала өз шығындарына қосады. Содан соң ол сатып алушыға дейін жететін соңғы бағаға қосылуы әбден мүмкін, – дейді экономист.

Сұраныс бағыты өзгеруі мүмкін

Экономистің пікірінше, ресейлік немесе беларусьтік көліктер қымбаттайтын болса, сатып алушылар арзан немесе салыстырмалы түрде тиімдірек модельдерге ауысуы ықтимал.

Қытай мен басқа елдерден импортқа сұраныстың артуы әбден мүмкін. Егер ресейлік немесе беларусьтік көліктер қымбаттап кетсе, сатып алушылар арзан немесе салыстырмалы түрде тиімдірек модельдерге қарай өзі автоматты түрде ауыса бастайды, – дейді Бауыржан Ысқақов.

Экономист бұл бағыт көбінесе Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдерден келетін көліктерге ауысуы ықтимал екенін атап өтті.

Отандық құрастыру және екінші нарық: сұраныс күшеюі мүмкін

Бауыржан Ысқақов отандық құрастыруға да әсері болуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, егер Қазақстандағы өңірлік құрастыру өндірісі қолжетімді әрі бәсекеге қабілетті өнім ұсына алса, сатып алушылар отандық көлікке де назар аудара бастайды.

Сонымен бірге экономист баға қымбаттаған жағдайда екінші нарыққа сұраныс күшейетінін еске салды.

Әдетте екінші нарықтағы көліктер әсіресе баға қымбаттағанда көбірек сұранысқа ие. Көп сатып алушылар қолданылған, арзан модельдерді таңдайды, – дейді ол.

Экономист Ресей мен Беларусь көліктерінің бағасы көтерілсе, сұраныс әртараптанып, Қытайдан және отандық құрастырылған көліктерге де сұраныс артуы мүмкін деген болжам айтты.

Инфляция мен қызмет бағасы

Экономист утильалымның өсуі жалпы тұтыну бағаларына да шағын әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, көлік бағасының өсуі тасымал шығындары арқылы инфляцияға да ықпал етуі ықтимал.

Көлік бағасының өсуі – ол тұтыну бағаларының да жоғары болуына әсерін тигізбей қоймайды… Осылайша, инфляцияға да ықпалы болады, – дейді экономист.

Сондай-ақ көлік бағасының өсуі такси, жеткізу, логистика қызметтеріне жанама ықпал етуі мүмкін екенін айтты.

Көліктің бағасы мен утильалымның өсуі тікелей такси, жеткізу, логистика қызметтеріне аралас әсерін тигізеді, – деді Бауыржан Ысқақов.

Министрлік Ресей мен Беларусь тарапынан утильалым мөлшерлемесінің жоғары болуы және әкімшілік талаптардың қатаңдауы Қазақстан үшін теңсіздік туындатқанын алға тартып, ұсынылып отырған өзгерістер соны теңестіруге бағытталғанын түсіндіреді.

Ал экономист Бауыржан Ысқақов бұл шешім Ресей мен Беларусьтен келетін көліктердің өзіндік құнын арттырып, соңғы бағаға әсер етуі мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ сұраныс бағыты өзгеріп, басқа елдерден импортқа және екінші нарыққа қызығушылық күшеюі ықтимал екенін жеткізді.