Жалақы өсіп, еңбек нарығы тұрақты дамып келеді – сарапшы

Қазақстандағы жалақының өсуі ұлттық экономиканың оң қарқынын және азаматтардың өмір сүру деңгейінің жақсарғанын көрсетеді. Бұл туралы Экономикалық зерттеулер институтының сараптама орталығы директорының орынбасары Айдана Байқанова BAQ.KZ-ке берген пікірінде айтты.
Оның айтуынша, халық табысының динамикасы елдегі іскерлік белсенділіктің артуын және еңбек өнімділігінің өскенін білдіреді.
Ranking.kz жариялаған деректерге сәйкес, жалақының өсуі ұлттық экономиканың жағымды тенденцияларын және халық тұрмысының біртіндеп жақсарғанын көрсетеді. Соңғы бес жылда орташа айлық атаулы жалақы екі еседен астам өсті, ал тек соңғы жылы оның өсімі 11,3% болды. Бұл азаматтардың табысы артқанымен қатар, іскерлік белсенділіктің, еңбек өнімділігінің және білікті кадрларға сұраныстың артқанын дәлелдейді. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ІКТ және логистика салаларында бұл үрдіс айқын байқалады, – деді Байқанова.
Сарапшы табыстың өсуі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруымен қатар жүріп жатқанын атап өтті.
Халық табысымен бірге макроэкономикалық көрсеткіштер де жақсарды: 2024 жылы ЖІӨ 5%-ға өсті, негізгі капиталға салынған инвестициялар биылғы алғашқы жартыжылдықта 13,7%-ға артты, ал 2025 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады. Табыстың өсуі ішкі сұранысты, сауда, қызмет көрсету, құрылыс және басқа да салалардың дамуын ынталандырып отыр, – деді ол.
Айдана Байқанованың айтуынша, қазіргі таңда еңбек нарығы белсенділік танытып, білікті мамандарға деген сұраныс артып келеді.
Қазір еңбек нарығында жеткілікті мөлшерде бос жұмыс орындары бар, әсіресе кәсіби білімі мен тәжірибесі бар мамандарға сұраныс жоғары. “Еңбек ресурстарын дамыту орталығының” 2025–2035 жылдарға арналған болжамына сәйкес, жалдамалы жұмысшыларға жалпы сұраныс шамамен 2 млн 977 мың адамды құрайды. Ең үлкен қажеттілік өнеркәсіп саласында (27%), денсаулық сақтау (12%) және құрылыс (11%) бағыттарында күтіліп отыр. Бұл экономика дамуының тұрақты алғышарттарын қалыптастырып, кадрлық әлеуетті нығайтады, – деді сарапшы.
Бұған дейін Қазақстанда орташа айлық жалақы рекордтық деңгейге жетіп, 448 мың теңгеден асқаны хабарланған еді.