Жамбылда 28 мың ауыл тұрғынының қауіпсіздігі күшейтілді

Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жаңартылған өрт сөндіру бөлімін ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол еліміздің өртке қарсы инфрақұрылымын кезең кезеңімен реновациялаудың бір бөлігіне айналды. Бөлімше 1987 жылы салынған. Араға шамамен 40 жыл салып, ғимарат алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Жұмыс барысында ғимарат пен қызметтік үй-жайлар жаңғыртылып, инженерлік желілер мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері заманауи қауіпсіздік талаптарына сай толық жаңартылды.

ТЖМ басшысы өрт сөндіру бөлімшелерін жаңғырту жұмыстары қызметкерлер үшін заманауи қызмет жағдайын жасауға және халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Бұл бөлім – аудандағы жалғыз өрт сөндіру бөлімшесі. Біздің міндетіміз осындай заманауи жабдықталған әрі қолайлы нысандардың еліміздің барлық ауылдарында болуын қамтамасыз ету. Біз барлық өңірлерде өрт сөндіру бөлімшелерін кезең кезеңімен жаңғыртуды жалғастырамыз», — деп министр атап өтті.

Бүгінде жаңартылған бөлімше ауданның 28 мыңнан астам тұрғынының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бөлімшеде газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, оқу сыныбы, заманауи тұрмыстық үй-жайлар, демалыс бөлмелері және техникаға арналған бокстар жабдықталған. Жеке құрамның дене даярлығын нығайту үшін заманауи талаптарға сай Batyr team спорт залы да бар.

Ашылу рәсімі аясында облыстық ТЖД қызметкерлеріне жаңа өрт сөндіру-құтқару техникасының кілттері табысталды. Олардың қатарында өтімділігі жоғары автокөліктер, автоцистерна, катер және күрделі жол мен климаттық жағдайларда жұмыс істеуге арналған вахталық автокөлік бар.

Техника заманауи авариялық-құтқару құралдарымен, байланыс және навигация жүйелерімен жарақталған. Ол Мойынқұм ауданындағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және олардың салдарын жою жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.