Жаңа бюджет: Салық түсімі артып, артық шығын қысқартылады

0

Экономист Айбар Олжай келесі жылға арналған қазына қаражатындағы ерекшеліктерге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, «Келесі жылдың бюджеті өзіміз үйреніп қалған әдеттегідей бюджет пе, әлде мұның бір ерекшелігі бар ма?» деген сұрақтың туындауы заңдылық.

Экономист 2026 жылдың бюджетіндегі 4 негізгі ерекшелікті атап көрсетті.

Ең бірінші ерекшелік – Ұлттық қорға қол салудың азаюы. Жыл сайын Ұлттық қордан кемінде 4-5 триллион теңге алынатын. Келесі жылы тек қана 2,77 триллион теңге ғана тартылады. Бұл Ұлттық қордың тез өсуіне мүмкіндік береді.

Екінші ерекшелік – салық түсімдерінің күрт артуы. Жаңа Салық кодексінің жұмыс істей бастауымен және салық реформасының нәтижесінде түсімдер 4 жарым триллион теңгеге артады. Бұл бюджеттің өз шама шарқымен өмір сүруіне жол ашады.

Үшінші ерекшелік – дамуға мүмкіндік ашылды. Бұрынғы бюджеттер тек қана қазіргі зейнетақы, айлық мәселелерін жауып, дамуға, жаңа өндіріс жасауға мүмкіндік бермейтін. Ал келесі жылдың бюджеті нақты секторды дамыту: мысалы, агроөнеркәсіпке, инфрақұрылымға, цифрландыруға 3,6 триллион теңге қарастырып отыр. Бұл болашаққа жұмыс істеу деген сөз.

Төртінші ерекшелік – бюджетте мұнайдың рөлі азая бастайды. Мұнай дәл қазір жейтін нан емес, енді тұрақтандырушы буфер, қауіпсіздік жастығымыз, ертеңге күнге сақтап отырған депозитіміз сияқты рөл ойнайтын болады.

Мұнай, алтын, валюта қоры

Осы ретте экономист мұнайға қатысы жоқ дефицит деген ұғым туралы ашып айтты.

Яғни экономикамыздан жалпы мұнай факторын алып тастасақ, біздің дефицит қандай болар еді деген сөз. 2022 жылы осы тапшылық ішкі жалпы өнімнің 8,3 пайызын құраса, келесі жылы 4,9 пайызға дейін түсу керек. Бұл – шамамен 9 триллион теңге. Жыл басынан бері халықаралық резервтер және алтын, валюта қоры мен бағалы қағаздар 25%-ға өсіп, қазір 57 млрд долларға жеткен. Ал Ұлттық қордың көлемі – 60 млрд доллардан аса бастады. Осы жылдың 9 айындағы экономикалық өсім 6,3% болып отыр. Сарапшылар келесі жылғы бюджеттің басты ерекшелігі – тұрақтылық пен қабылданған міндеттемелерді орындау арасындағы қатаң теңгерім екенін айтады, — деп түсіндірді сарапшы.

Айтуынша, бюджет біраз балансталған. Түсінікті тілмен жеткізсек, тапқанымызды ғана жеуге, «бармен базар» болуға, Ұлттық қордағы ақшаға қызыға бермеуге біртіндеп үйренетін боламыз.

Бір көңіл көншітерлігі – бюджеттен жобалық дайындық деңгейі расталмаған немесе жалғасы жоқ бастамалар толық алынып тасталды. Артық шығындар қысқартылды. Тіпті, осы бюджет арқылы жаңа экономикалық модель құру деген сөздер де айтылады бастады. Жаңа бюджет макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, тиімді фискалды және ақша-несие саясаты арқылы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бюджеттік шығыстарды оңтайландыруға, мемлекеттік қаржының орнықтылығын арттыру және банк секторын нығайту, өнеркәсіптік-инновациялық даму, экспорттық әлеует пен еңбек өнімділігін арттыру, әділ бәсекелестікті дамыту, кәсіпкерлік пен инвестициялық ахуалды жақсарту мақсаттары үшін жұмыс істеу керек деп декларацияланды, — деді Айбар Олжай.

Еске салайық, бұған дейін экономист келесі жылдың бюджетінде Қазақстанның табысы мен шығыны қандай болатынын айтқан болатын.