Жаңа Конституцияда экологияға басымдық беріледі: Скляр министрлікке нақты тапсырмалар жүктеді

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Жиында 2025 жылдың қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер белгіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Роман Скляр алқа отырысы еліміз үшін маңызды кезең – жаңа Конституция жөніндегі республикалық референдум қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Конституция жобасында экологиялық қауіпсіздік, адам өмірі мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру қағидаты бекітіледі.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қалпына келтіру бағытындағы нәтижелерді баяндады.
Цифрландыру және орман қауіпсіздігі
Қазіргі уақытта министрлік:
•қоршаған орта мониторингі,
•қалдықтарды басқару,
•орман өрттерін ерте анықтау,
•ұлттық парктерге баруды бақылау бағытында цифрлық жобаларды жүзеге асыруда.
2025 жылы 24 ең қауіпті орман шаруашылығында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу тапсырылды. Жүйе жасанды интеллектпен жабдықталған. Жыл соңына дейін өрт қаупі жоғары 5,4 млн гектар орман алқабы қамтылады.
2 млрд ағаш және шөлейттенумен күрес
Елімізде 2 млрд ағаш отырғызу және орман алқабын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жердің деградациясы мен шөлейттенуге қарсы қорғаныс орман белдеулерін құру, құмдарды бекіту және жайылымдарды қалпына келтіру шаралары қолға алынған.
Министрліктің басым бағыттарының бірі – жеке инвестиция тарту арқылы қалдықтарды басқару жүйесін дамыту.
Өңірлік экологиялық саммит
Мемлекет басшысының бастамасымен биыл Қазақстанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жарияланған Өңірлік экологиялық саммит өткізіледі. Іс-шара Орталық Азия елдерінің климаттық ынтымақтастығын күшейтуге бағытталған.
Сондай-ақ Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған жалпыұлттық қозғалыс жалғасып жатыр.
Алқа қорытындысы бойынша 2026 жылға экологиялық қауіпсіздікті күшейту, биоалуантүрлілікті сақтау және жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.