Жаңа Парламент «Құрылтай» деп аталуы мүмкін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, жиын барысында жаңа Парламенттің қандай болатыны, оның құрылымы, депутаттар саны және жұмыс істеу тәртібі жөнінде негізгі пікірталас өрбіген.

Негізгі пікірталас жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады, құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді деген сауалдар төңірегінде өрбіді. Бұл – терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті шешуші мәселе. Қазір мен Ұлттық құрылтайдың төрінен сіздерге жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беру жөнінде ұсыныс білдірді.

Ең алдымен болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, «Құрылтай» деген атауды беру керек деп сенемін. Азаматтарымыз осы мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп, ұсыныстарын жолдады. Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды зерделеп, барлық жағынан қарастырды. Өте маңызды жұмыс атқарылды. Бұл бағыттағы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, былтыр қазан айының ортасында жұмыс тобының алғашқы отырысы өткен, ал жаңа жылдан бері жұмыс тобының мүшелері үш рет бас қосқан.

Мемлекет басшысы «Құрылтай» атауының тарихи аясы мен мағынасы халқымызға түсінікті әрі жақын екенін атап өтті.

Құрылтай отырысын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім, – деді Президент.

айта кетейік, Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бесінші отырысы өтіп, Жаңа Парламенттің өкілеттіктері талқыланған болатын.