Жаз мезгілінің басталуымен Түркістан облысында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Әсіресе халық көп шоғырланатын өзендер, каналдар мен су айдындарында қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында түсіндіру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағыттағы кезекті ауқымды іс-шара Жетісай ауданында ұйымдастырылып, оған Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары арнайы жұмыс сапарымен қатысты.
Профилактикалық іс-шара барысында Жетісай ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық прокуратура, полиция бөлімі, жергілікті атқарушы органдар, Жастар ресурстық орталығының мамандары және «Санұр» телеарнасының журналистері бірлесіп аудан аумағындағы каналдар мен су айдындарын аралап, тұрғындар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Акцияның басты мақсаты – суға кету оқиғаларының алдын алу, азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру болды.
Рейд барысында мамандар тұрғындарға тек арнайы жабдықталған әрі рұқсат етілген орындарда ғана шомылу қажеттігін түсіндіріп, белгіленбеген жерлердегі су айдындарының үлкен қауіп төндіретінін ескертті. Әсіресе су арналары мен ирригациялық каналдарда ағыстың қатты болуы, түбінің ойлы-қырлы келуі және су деңгейінің күрт өзгеруі адам өміріне елеулі қауіп төндіретіні айтылды. Сондықтан мұндай орындарда шомылуға заңмен тыйым салынған.
Іс-шара барысында мамандар ата-аналармен жеке әңгімелесіп, балаларды қараусыз қалдырмаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Өйткені соңғы жылдары республика бойынша судағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі ересектердің бақылауынсыз қалған балалардың қатысуымен тіркеліп келеді. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы – қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және балаларға судағы тәртіп ережелерін тұрақты түрде түсіндіріп отыру.
Рейд кезінде суға түсуге тыйым салынған аумақтарда бірнеше баланың шомылып жүргені анықталды. Құзырлы органдар аталған фактілер бойынша олардың ата-аналарын шақырып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданды. Сонымен қатар ата-аналарға балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей жауапты екендігі ескертіліп, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Профилактикалық акция барысында тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылып, судағы қауіпсіздік қағидалары кеңінен түсіндірілді. Мамандар азаматтарға балаларды су жағасына жалғыз жібермеуді, жүзе алмайтын адамдардың терең суға түспеуін, мас күйінде суға шомылмауды, белгіленбеген жерлерден суға секірмеуді және құтқарушылардың талаптарын қатаң орындауды еске салды. Сонымен қатар төтенше жағдай туындаған жағдайда уақыт жоғалтпай 112 немесе 101 қызметіне хабарласу қажеттігі айтылды.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жазғы шомылу маусымы аяқталғанға дейін өңірдің барлық аудандары мен қалаларында осындай рейдтік-профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жалғасады. Құтқарушылар демалыс орындарын, өзен-көлдер мен каналдарды күнделікті бақылауда ұстап, қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударуда. Бұл жұмыстарға құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, еріктілер мен бұқаралық ақпарат құралдары да белсенді түрде атсалысып келеді.
Мамандардың айтуынша, судағы қауіпсіздік тек құтқарушылардың немесе мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Әрбір ата-ана баласының қайда жүргенін бақылап, қауіпсіздік ережелерін үнемі ескертіп отырса, көптеген қайғылы оқиғаның алдын алуға болады. Сондықтан тұрғындардан қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтап, рұқсат етілмеген орындарда суға түспеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға және өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырылады.
