Зиянды жұмыста істегендерге ақша төленеді: 21 мыңнан астам адамға әлеуметтік төлем берілді

2026 жылдың наурыз айының басындағы жағдай бойынша 21 мыңнан астам жұмыскерге арнаулы әлеуметтік төлем берілген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбекминінде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арнайы төлемдер тағайындау және Мемлекеттік аннуитеттік компанияны дамыту жоспарлары талқыланды.
Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте арнайы әлеуметтік төлемдерді (бұдан әрі – АӘТ) тағайындаудың негізгі мәселелері, «МАК» ӨСҚ» АҚ-ның 2026 жылға арналған жұмысының негізгі бағыттары және басқа да мәселелер қаралды.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген қазақстандықтарға АӘТ тағайындау бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндады.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген бұл қолдау шарасы 55 жастан асқан азаматтар зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысын тоқтатқан кезде жүргізіледі. 2026 жылдың наурыз айының басындағы жағдай бойынша төлемдер 21 мыңнан астам жұмыскерге тағайындалды, — деді ол.
Сонымен қатар Комитет басшысы төлем алушылар тап болатын бірқатар түйткілді мәселелерді атап өтті. Олар: төлемдердің жұмыс берушілер тарапынан берілетін бөлігі бойынша берешектерінің болуы, жұмыскерді жұмыстан босату немесе ауыстыру кезінде сақтандыру шарттарының болмауы, сондай-ақ сақтандыру компанияларымен шарттар жасасуды ұзақ (60 күннен астам) күту.
Министрлік жұмыскерлердің құқықтарын қорғау үшін ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізуді ұсынады.
Атап айтқанда, мемлекеттік еңбек инспекцияларына кәсіпорындардың АӘТ бойынша берешегін тексеру функцияларын беру, сондай-ақ төлемдердің уақтылы жүргізілуі бойынша жұмыс берушілердің қатаң жауапкершілігін белгілеу жоспарлануда.








