Қазақстан мұнайының 80%-ы КҚК арқылы тасымалданады

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Новороссийск теңіз порты акваториясында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

29 қараша күні болған ұшқышсыз катерлердің шабуылы салдарынан КТК терминалындағы айлақ құрылғысы зақымданған.

Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Бұл консорциум халықаралық заңнамаға сәйкес құрылған, оның құрамында Еуропа, АҚШ және Қазақстан компаниялары бар. Тек аз ғана үлес Ресей компаниясына тиесілі. Сондықтан Сыртқы істер министрлігінің саяси мәлімдемесіне сәйкес, Қазақстан мұндай шабуылдарды айыптайды. Азаматтық маңызы бар сыни инфрақұрылымға жасалған шабуылдарды біз жол беруге болмайтын әрекет деп санаймыз, – деді министр.

Келтірілген шығынға қатысты сұраққа ол бұған дейін Ұлттық экономика министрлігінде шығын көлемін бағалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлағанын атап өтті.

Оқиғаның одан әрі қарай дамуына қатысты түсініктемені, шамасы, Сыртқы істер министрлігі береді. Энергетика министрлігі тарапынан саяси мәлімдеме жасалмайды, өйткені біз – энергетика саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын органбыз, – деді Ерлан Ақкенженов.

Бұған дейін Қазақстанның КҚК төңірегіндегі жағдайға байланысты Украинамен жабық келіссөздер жүргізіп жатқаны айтылды.