Шардара: Биылғы жылы шаруалар ағын судан тапшылық көрмейді

0

Шардара ауданында 2022 жылдың өнімі үшін 57 800 га суармалы егістік алқапқа агроқұрылымдар тарапынан әр түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Осы егістік алқапқа сор шаю, ылғалдандыру және егілген дақылдарға жазғы вегетациялық суару жұмыстарына қажетті су лимитін бөлу үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясы» РМК мекемесіне сұраныс хат жолданды. Тиісінше аталған мекеме тарапынан жылма-жыл ауа райының құрғақ болуынан ағын су тапшылығының орын алу мүмкіндігін ескеріп, сұратылған су мөлшерінің 30 пайыз көлемі қысқартыла отырып, ауданға 749,090 млн. м3 ағын су лимиті бекітілді.

Ауданда көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізуді ұйымдастыру үшін аудан әкімінің өкімімен аудандық штаб құрылған. Штаб мүшелерінен құрылған топ бекітілген кестеге сәйкес аудандағы барлық ауыл округтерінде орналасқан шаруа қожалық төрағаларымен басқосу жиындары өткізілді. Жиында егістік алқаптарға суды аз талап ететін ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді, егістік алқаптардың бойында орналасқан ағын су нысандарын (каналдар, сбростар, ағын су реттеуші қондырғылар, т.б.) талапқа сай ретке келтіруді, су алу кезінде қатаң түрде кезекпен су алу қажеттігін шаруаларға жеткізе отырып, жұмыстар ұйымдастыруды қолға алу ұсынылды. Сонымен бірге, ағын суды үнемдеп тиімді пайдалану туралы баспасөз беттерінде бірнеше мақалалар жарияланды.

Осы орайда, ағын суды үнемдеуде және қысқа мерзімде алқаптарды суаруда ауданда ИДЖЖЖ-2 жобасы аясында атқарылған жұмыстар өзінің оң нәтижесін беріп жатқандығын айтуға болады. Аудандағы шаруалар егістік алқаптарға көктемгі сор шаю, ылғалдандыру жұмыстарына 124,29 млн.м3 ағын су пайдаланған болса, жазғы вегетациялық суару маусымы барысында жобамен алдын ала есептеу (суару жұмыстары жалғасып жатқандықтан) есептеу нәтижесі бойынша 227,92 млн.м3 құрап, жалпы суару маусымдарынада 352,21 млн.м3 ағын су егістік алқаптарға жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Жалпы жүйелі ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде ауданда көктемгі және жазғы вегетациялық суару жұмыстары барысында шаруалар тарапынан су жетіспеушілігі мәселелері орын алған жоқ.

Қазіргі таңда «Казсушар» РМК мекемесі тарапынан шаруалардың сұраныстарына сәйкес, егістік алқаптарға қажетті су көлемі толықтай жеткізіліп берілуде.

Айта кетсек, жылда жауын шашынның аз мөлшерде түсіп, құрғақшылық салдарынан ағын су көлемі азаюы шаруаларға біршама қолбайлау болғаны мәлім. Ағымдағы жылы да ағын су тапшылығы орын алуы күтілген болатын. Алайда биыл көктемгі жауын шашын мөлшері мен көршілес мемлекеттердің тұрақты су беруі және шаруалардың суды тиімді пайдалануы едәуір оң әсер етіп, диқандар уақытылы ағын су алып отыр.

Қазіргі таңда аудандағы диқандарға қажетті ағын су мөлшері толығымен жеткілікті.


ПІКІР ЖАЗУ