Ордабасы: аудан әкімі Бөржар ауыл округіне қарасты Қайнар ауылы тұрғындарымен кездесті

0

 Бөржар ауыл округіне қарасты Қайнар ауылы тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Нұрбек Бадырақов ауылда қордаланған инфрақұрылым, әлеуметтік нысан, ауыл шаруашылық саласы бойынша тұрғындар сұрақтарына жауап берді.

Аудан әкімі ауыл іргесінен тұрғын үйлік жер телімін сұраған ауыл тұрғындарына елді мекен шекарасын кейтіп, қажеттілік, кезек бойынша тұрғындарға жер берілетіндігін жеткізді.

«Тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма бердім. Жаңадан салынып жатқан 2 спорт алаңшасының жарықтандыру жұмыстары  биыл іске қосылады», деді аудан әкімі халықпен кездесуде.

Нұрбек Бақтыбайұлы Қайнардың орталығындағы электр жарығы мәселесі бойынша да нақты шешім қабылдап, «Оңтүстік Жарық» мекемесі арқылы қазан айында тұрғын үйлер жаңа желіге қосылатындығын айтып өтті.

Аурухана мәселесіне де назар аударған аудан басшысы тиісті басқармаға хат жолдап, бұл мәселенің де келесі жылға оңды шешім табуына ықпал ететіндігін жеткізді.

Мұнан соң, аудан әкімі Бөржардағы Мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың сын-пікірлерін тыңдады.

Осы кездесулердің қорытындысы бойынша тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер мен ұсыныстардың бірде-біреуі қараусыз қалмайтындығын мәлімдеді. Әр тоқсан сайын ауыл тұрғындарымен кездесіп, айтылған тапсырмалардың орындалуын тікелей бақылап отыратындығын жеткізді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ