Н.БАЙҒҰТ: Бірінші кезекте ауыз су мәселесін шешуге басымдық береміз

0

Аудан әкімі Нұрлан Байғұт тың Тастұмсық ауылдық округі тұрғындарымен кезекті есептік кездесуі барысында ауыз су мәселесімен қатар білім, мәдениет, медицина, автожол саласы және ескірген электр бағаналарын ауыстыру, көпірді жөндеу, жер кезегіндегі азаматтардың өтінішін қанағаттандыру мен жерге қатысты құжаттарды заңдастыру сынды мәселелер көтеріліп, аудан басшысы тарапынан нақты жауаптар берілді.

«Бүгінде ауыз су мәселесі ауданымызда ғана емес еліміздің барлық өңірлерінде өзекті мәселенің бірі болып отырғаны баршамызға аян. Өзекті мәселені шешу мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, кезең-кезеңімен тіршілік нәрі тапшылық алып отырған ауылдарда тиісті жұмыстар атқарылатын болады»-деді, аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы өз сөзінде.

Бүгінде ауданымызға қарасты 62 елді мекеннің 59 елді мекені 99,8 пайыз орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 28 елді мекені тік ұңғыма көздерінен, 31 елді мекен бастау көздерінің ауыз суын пайдалануда. Қалған 3 елді мекен (таулы аймақта орналасқан Ақсай, Қайыршақты, Даубаба-2) (176 адам немесе жалпы халық санының 0,2%)  бұлақ суын пайдаланып келеді. Дегенмен, бүгінгі таңда халық тұтынып келген бастау көздері тартылып, біршама елді мекендерде ауыз су тапшылығы орын алып отыр.

Есептік кездесуден соң аудан басшысы жеке мәселелерімен келген округ тұрғындарын қабылдап, өтініштерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-өтініштер алдағы жұмыс жоспарына еніп, шешімін тапқанша бақылауда болатыны ескертілді.

Айта кетерлік, ағымдағы жылы көп жылдан бері шешімін таппай келген Амангелді мектебінің қосымша корпус құрылысы толығымен аяқталып ел игілігіне пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, өткен есептік кезеңде тұрғындар тарапынан көтерілген Тастұмсық ауылы, Көктөбе көшесі, Қарабастау ауылы, М.Әуезов көшесі және Тастыбұлақ ауылы, Спатай көшесін жарықтандыру жұмыстарына бүгнгі таңда қаржы бөлініп, қыркүйек-қазан айларына дейін аталмыш көшелерге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланып отыр.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ