Арыста айрықша балаларға арналған орталық ашылды
Арыс қаласында қала күніне орай, тағы бір нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. 50 орынға арналған «Danis» коррекциялық дамыту орталығы салтанатты түрде ашылып, оған қала әкімі Гүлжан Мамытқызы мен әкімдік өкілдері, қала тұрғындары мен мүмкіндігі шектеулі балалар және олардың ата-аналары қатысты.
Бұл орталықта тілі мен құлағында мүкісі бар немесе ақыл-ой дамуында ауытқушылық байқалатын балалар мен жалпы дамуы кешеуілдеген, арнайы мамандар көмегін қажет ететін балалардың өсіп, жетілуі үшін барынша жағдай жасалған.
«Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Оның үстіне биыл біздің Арысымыздың «қала» статусын алғанына 66 жыл толып отыр. Сондай-ақ, «Орта Азия қақпасы атанған Арысымыз» – теміржолшылар қаласы екенін бәріміз білеміз. Сол теміржол саласының дамуына айрықша үлес қосып жүрген мамандарымыздың кәсіби мерекесіне орай, біз бүгін тағы бір қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Ол ерекше күтімді қажет ететін балаларымыздың дамуы үшін барынша жағдай жасалған арнайы коррекциялық орталықтың ашылуы дер едім. Бұл бүлдіршіндерімізден бөлек, ата-аналарымыз үшін де өте маңызды әрі өте қажет орталық деп ойлаймын», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Айта кетейік, орталықта логопед, дефектолог, психолог, педиатр, емдік дене шынықтыру маманы сияқты арнайы мамандандырылған топ өкілдері қызмет көрсетеді. Бір қызығы мұнда тәрбиеленетін балалардың ойыншықтарына дейін олардың жан-жақты дамуына ыңғайластырылған.
Санитарлық талапқа сай салынған ас бөлмесіндегі ас мәзірі мен ауладағы ойын алаңдары, емдік-сауықтыру бағытындағы танымдық, тәрбие сағаттары балалардың физиологиялық тұрғыда өзін-өзі дамытумен қатар, білім алуына да зор мүмкіндіктер береді.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі