Арыс: дәстүрлі тамыз кеңесі өтті
Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың қатысуымен ««Білімді ұлт: Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет»» атты педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті. Жыл сайын өтетін жиында білім саласында өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланып, алда жаңа оқу жылына енгізілген өзгерістер жайы сөз болды.
Салтанатты шарада сөз алған шахар басшысы Гүлжан Мамытқызы педагогтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
«Қазір қоғам мен өркениет қатар дамыған заманда білімділер көш бастайды. Бұл тұста әрине ұстаздардың білім деңгейі жоғары талаптарға сай болуы тиіс. Осыған орай, кеңес барысында бірқатар тың ұсыныстар қаралады. Балғындарға сапалы білім беріп қана қоймай, әлеуметтік жағдайын жақсартуға да ден қою міндетті», – деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы. Сондай-ақ, қала әкімі мектеп ауласының тазалығы мен көгалдандырылуына және түрлі мәдени-танымдық шараларға белсене атсалысқан мектеп басшыларына алғыс білдірді.
Білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп мұғалімдері қатысқан жиында қалалық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа оқу жылындағы жаңалықтар мен дайындықтар туралы баяндама оқыды. Жиында білім саласына еңбек сіңірген ардагер ұстаздар және бірқатар азаматтар жарыссөзге шығып, өз ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ, тамыз кеңесіне қатысушылар үшін арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушыларының өнер, ғылым мен білім саласында жеткен жетістіктері таныстырылды. Жиын соңында білім беру ісіне зор үлес қосып , ерекше еңбек еткен бірқатар педагогтарға Алғыс хаттар мен медальдар, сондай-ақ құрмет грамоталары табысталды.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі