Өмірзақ Шөкеев жаңа әкім қызметіне сәттілік тіледі

0

Құрметті Түркістан жұртшылығы! Ардақты әріптестер!

Тарихы тереңде жатқан Түркістан қаласы осыдан төрт жыл бұрын  облыс орталығы болып, Түркістан облысы құрылды. Жаңа облыс орталығын ел таңданатындай тамаша шаһарға айналдыру үшін жүйелі жоспарлар мен межелі мақсаттар түзілді. Қызу құрылыс, қайнаған тіршілік басталды. Дәл сол сындарлы сәтте менің мойныма жаңа облысты басқару жауапкершілігі жүктелді. Бұл – мен үшін саясаттағы келесі бір қадамым ғана емес, осы топырақтың тумасы ретіндегі перзенттік парызымды өтеуге берілген мүмкіндік еді. Бірнеше облыстар мен жауапты министрліктердегі тәжірибем мен туған жерімнің қолдауы осы қызметте еңбек етуге жол ашты.

Ең алдымен Түркістан қаласын Түркі жұртының рухани-мәдени орталығына айналдыру бағытында жан аямай еңбектендік. Қаланың тарихи келбетін сақтай отырып, жаңа бейнесін қалыптастыру – алға қойған алғашқы мақсатымыз болатын. Осы рухани шаһардың топырағында дүниеге келген мен үшін бұл жұмыстарды атқару – зор мәртебе болды. Қазіргі таңда Түркістан еліміздің ғана емес, күллі Түркі дүниесінің рухани жауһарына айналып, әлем көз тіккен ажарлы шаһарға айналды.

Әрбір пендеге жаратқан өзі көтере алатын сынақ береді. Сонда да тағдыр сынына шыдамай, сынып кетіп жатқандар қаншама. Біз бүгін бұл дәлелденген әңгімені жеке адамның емес, тұтастай бір өңірдің тағдырына байланыстырып айтып отырмыз. Себебі менің облыс әкімі болып тұрған уақытым біздің облыс үшін аса ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. Арыс, Мақтааралда болған төтенше жағдай кезінде ел болып еңсердік. Үкімет тарапынан қолдау болды. Ол үшін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкімет басшылығына алғыс айтамын.

Түркістанды түлету, өңірдің дамуы жолында қолдан келгенше тер төктім. Еңбекке халық баға береді.  Әкім ретінде де, осы елдің ұлы ретінде де экономиканы көтеріп, руханиятқа серпіліс болатындай дүние жасадық деп ойлаймын. Облыс орталығының аптап ыстық климатын өзгерту жолында «Жасыл белдеу» жобасы, қаланы суландыру жобасы, тұрғын үйлер санын ұлғайту –Түркістанның тұрғындары мен қала қонақтарына қолайлы қала болуы үшін жасалған көп жылғы жоспар.

Түркістанда дүниеге келіп, Түркістанды жаңа дәуірде басқаруды маған Жаратушыдан бұйырған бақ деп санаймын. Менің облыс басшылығына келген 3 жыл, 6 ай уақытым Сіздердің көз алдарыңызда өтті. Ақылдасып, кеңесе отырып жемісті жұмыс атқардық деп ойлаймын. Облыс әкімдігінде бірге қызметтес болған барша әріптестеріме, облыс жұртшылығына осы жемісті, тың тәжірибеге толы жылдар үшін айрықша алғыс айтамын.

Қызметке алғаш келген күннен бастап алдымда қысқа мерзім ішінде Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру міндеті болды. Дегенмен, облыстың басқа да мәселелері назардан тыс қалған жоқ. Назарға алынып, стратегиялық шешімдер қабылданды. Ауқымды жұмыстар атқарылды. Түркістан қаласының негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. Ауыз су, табиғи газбен және ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешілді. Экологиясы жақсарып, қала аумағы абаттандырылып, көгалдандырылды. Тұтастай 100 мың адамға арналған көпқабатты тұрғын үй салынды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 1,5 есеге өсім, 2 трлн. теңгеден асты.

Экономикаға тартылған инвестиция 2 есеге артып, 660 млрд. теңгеге жетті. Түркістанды дамыту өз кезегінде құрылыс жұмыстарының қарқындап өсуіне, қосымша жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал жасады. Қанағатты жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 87%-ды құрап, республикада жоғары көрсеткішке ие болды. Бюджет көлемі 2 есеге көбейіп, 1 трлн. теңгеден асты. Арыс қаласы мен Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдайларды қайта қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Бұл қысқа мерзім ішінде қол жеткізген үлкен жеңіс деп ойлаймын.

Жаңа әкімге қызметіне сәттілік тілеймін.   Алдағы уақытта да Мемлекет басшысының бастаған “Жаңа Қазақстан” құру жолында жауапкершілікпен табысталатын қызметтерді абыроймен атқарып, игілікті істер жалғасатынына сенемін. Облыстың даму үдерісі бәсеңдемей, барлық межені бірге бағындырайық. Қазақстанымыз мәңгі жасап, Түркістанымыздың мәртебесі асқақтай берсін!

Өмірзақ ШӨКЕЕВ


ПІКІР ЖАЗУ