Ордабасы: Бадам ауылында 200 орынды жаңа мектеп ашылды

0

Сыңғырлаған әсем қоңырау үнімен басталатын күздің алғашқы күнінде ауыл тұрғындары қуанышқа бөленді. Бүгін аудан әкімі Нұрбек Бадырақов Бадам ауылындағы 200 орынды жаңа мектептің ашылу шарасына қатысып, заманауи тұрғыдан салынған су жаңа мектеп табалдырығына аттағалы тұрған бүлдіршіндерді жаңа оқу жылымен құттықтады.

Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Қ. Сейітқұл, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ш. Нұрабаева мен ауданның құрметті ардагері Сералы Абжалов қатысып, ашылу лентасын қиды. Жалпы Қажымұқан атындағы жалпы орта мектебінің ғимараты 1967 жылы бір қабатты аурухана ретінде салынған. Қазіргі таңда нақты қаржы бөлінудің арқасында 200 орынды екі қабатты заманауи мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілді. Асханасы, спорт зал, химия, биология, компьютер бөлмесі мен ағылшын пәндеріне арналған бөлмелерімен толық қамтылған.

Бұдан бөлек биылғы жылдың өзінде 6 мектептің құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін 4 мектеп (Төрткүл ауылындағы 300 орындық мектеп, Дербес ауылындағы С.Мұханов мектебі, Мақташы ауылындағы 200 орындық мектеп, Аққойлы елді мекеніндегі Ақбастау мектебі) пайдалануға беріліп, 2 мектептің құрылысы (Шұбарсу ауылындағы Арал-Эко алабынан 600 орындық мектебі мен Қызылжар елді мекеніндегі 300 орындық қосымша оқу корпусы) 2023 жылға пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, ҚР  Президент Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес  тиісті заманауи техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, жаңа ұлттық жоба бойынша Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің жабдықталуы негізінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу жоспарлануда.  Аталған бағдарлама аясында 4 мектеп еніп отыр. Бадам ауылы, Орда мөлтек ауданынан 1500, Темірлан ауылы Самал мөлтек ауданынан 1200, Шұбарсу ауылынан 2500 орындық жаңа мектеп және Ақбұлақ ауылындағы «Болашақ» мектебіне 300 орындық жаңа мектеп жоспарлануда.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ