Түркістанда «Түркі әлемінің орталығы» нысанының тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде мәжіліс ұйымдастырылды
Жуырда Түркістан қаласында «Түркі әлемінің орталығы» нысанының сәулеттік-көркемдік келбетін, кешенді сәулет тұжырымдамасын әзірлеу үшін республикалық ашық байқау ұйымдастырылған болатын. Бүгінде осы маңызды жобаны жүзеге асыру жолдары зерделеніп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аталған орталықтың тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде кеңес өтті.
– «Түркі әлемінің орталығы» нысанының тұжырымдамасы терең талданып жасалуы тиіс. Түркі мемлекеттеріне арналған бөлімдері мен мұражайларын әзірлеуге сол елдердің өкілдерін шақыру мәселесін қарастырған жөн. Еліміз үшін, Түркістан үшін бұл нысанның идеологиялық-рухани мәні зор. Бұл орталық түркі елдерінің тарихын ғана дәріптеп қана қоймай, туризмді дамытуға үлес қосады. Оған барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Алдымен облыстық, кейін мемлекеттік деңгейде зерделеп, ұсыныстарды енгіземіз, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте құрылыс, сәулет саласының өкілдері өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Түркістан облысының мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев Түркістан қаласындағы «Түркі әлемінің орталығы» нысанының ғылыми тұжырымдамасы «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы №207 Заңына сәйкес дайындалатынын айтты. 2021 жылы, 31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өткен болатын. Саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында түркі халықтарына ортақ сәулет нысанын салуды тапсырды. Осы тапсырма да негізге алынады.
Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы. «Түркі әлемі» орталығы заманауи технологияларды пайдалана отырып, тұрақты экспозициялар мен уақытша көрмелер құру арқылы мыңжылдықтар түкпіріндегі түркі әлемі халықтарының тарихы мен мәдениетін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мәдени, әдеби форумдар мен білім беру бағдарламаларын өткізуге арналған орын болуы тиіс. Орталықтың басты міндеттерінің бірі – түркі әлемінің тарихи — мәдени мұрасын насихаттау, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде және халықаралық деңгейдегі мәдени және туристік орталық ретінде насихаттау. Туристер санын арттыру да – назарда. Осы деректерге тоқталған басқарма басшысы көне түркі жазуы, Түркі әлемінің даңқты перзенттерін де насихаттау жоспарда екенін жеткізіп, осы бағытта ұсыныстар әзірленіп жатқанын атап өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі