Биыл мәдениет үйі жоқ елді мекендердің мәселесі шешілмек
Түркістан облысының 26 елді мекенінде мәдениет үйі жоқ. Биыл жауапты басқарма осы мәселені басты назарға алып, жоспарға енгізіп отыр. Бұл туралы бүгін Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев тікелей эфирде мәлімдеді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі ұйымдастырған онлайн қабылдауда 15 азаматтың өтініші қаралып, сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Онлайн жиынды аталған бөлімнің меңгерушісі Берік Құлжанов жүргізіп отырды.
Қабылдауға алдын ала жазылған тұрғындар ауа-райының қолайсыздығына байланысты тікелей эфир арқылы өздерін алаңдатқан мәселелерді көтерді. Басым бөлігі жергілікті жерлерде мәдениет үйі мен кітапхана салу, құрылысы тоқтап тұрған мәдени нысандарды қолға алу, спорт кешендерін көбейту жайын қозғады.
Мәселен, Қазығұрт ауданы Жігерген елді мекенінің тұрғыны Е.Шынтаев құрылысы басталған мәдениет үйінің қолданысқа беру уақытына алаңдаулы. Басқарма басшысы 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілетінін хабарлады. 200 орындық нысанның құрылысын «Барыс-Тассай» ЖШС компаниясы жүргізуде.
Осы мазмұнда сауал қойған Созақ ауданының тұрғыны Е.Әбілқасымовқа Аққолтық елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, 2022 жылы 30 желтоқсанда ашылуы өткені баяндалды. Қазіргі таңда Құрылыс бөлімі тарапынан мәдениет бөліміне қабылдау–өткізу жұмыстары іске асырылу үстінде.
Қабылдау барысында барлық азаматқа түсінікті болуы үшін Әзімхан Серікұлы ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 121 бұйрығына сәйкес халық саны 1000–нан аспайтын елді мекендерге мәдениет ошағын салуға жатпайтындығын атап өтті.
Шардара қаласының тұрғыны Н.Смаилов Шардара музейін МКҚК ретінде қайта құрылымдаудан өткізуге ықпал етуді сұрады. Айтуынша, өтініш жүзеге асса мекемеге жаңа штаттар қосылып, мәдени бағыттағы жұмыстар жанданады. Басқарма басшысы бюджетке өзгеріс енгізілген жағдайда өз тарапынан ұсыныс жасайтынын айтты.
Жалпы онлайн қоғамдық қабылдауға келіп түскен әрбір талап-тілектер мен сұрақтар хаттамаға енгізілді. Партия филиалы мен жауапты басқарма бірлесе отырып, оң шешілуіне дейін атсалысады.