Түркістан облысының ұлттық спорт саласының үздіктері марапатталды

0

Еліміздің ұлттық спортын жаңғыртуға үлес қосып келе жатқан «Тұран тұғыры» атты іс шарасы қорытындыланды. Аталған іс шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жиынға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев пен Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Ғани Ахметбаев арнайы қатысып, үздіктерді марапаттады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары Қарлығаш Рамазанова мен Ұлттық ат спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нүркен Байбуриев бұл марапаттардың маңыздылығы жоғары екендігін жеткізді.

Салтанатты жиында 20 номинация бойынша үздіктер марапатталды. Командалық көкпардан «Жылдың үздік шабандозы» сыйлығын Абылайхан Нышанбеков және жасөспірімдер арасында «Жылдың үздік көкпар командасы» номинациясын «Тұран» командасы иеленді. «Жылдың үздік аударыспақ ойыншысы» – Дарын Өткелбай, ал «Жылдың үздік аударыспақ командасы» номинациясына «Жастар» құрама командасы лайықты деп танылды. Талантымен талайларды таң қалдырған жерлесіміз Бәйдібек Сабыров «Жыл жеңімпазы» атанды. Сонымен қатар «Үздік тоғызқұмалақ ойыншысы» марапаты Әсел Далиеваға, «Жылдың үздік құсбегісі» марапаты Жомарт Кеуеновке табыс етілді. «Жылдың үздік жаттықтырушысы» иегері атанған Оралхан Айдарханұлының еңбегі де айрықша бағаланып, қазақ күресінің «Үздік балуаны» атанған Ералхан Балтабайдың таланты көпшілікке үлгі болды. «Жомарт жүрек» номинациясы Рүстембек Алишерге бұйырса, «Жылдың үздік төрешісі» болып Бауыржан Абиров танылды. Сондай-ақ Мақсат Рахишев – «Үздік коментатор», Төлеби ауданы – «Жылдың үздік ауданы», Қазығұрт ауданының көкпар федерациясы «Жылдың үздік федерациясы» иегері болды. «Жыл тұлғасы» иегері Мақсат Шағырбай да марапаттан шет қалмады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ