Түйеқұс Отырарға тез жерсінді
Отырар ауданында бүгінгі таңда шұбат өндіретін 4 кәсіпорын, сүт және ет өндіретін 1 кәсіпорын, тары өңдейтін 3 кәсіпорын, жүгеріден өнім өндіретін – 2 кәсіпорын, құс шаруашылығымен айналысатын – 2 кәсіпорын және пластиктен есік пен терезе, үй жиҺаздарын жасайтын 1 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Солардың ішіндегі 65 жастағы Әлзақ Ерімбетовтің кәсібі кімді де болса қызықтырғандай. Осыған дейін тауық, тауыс асыраған кәсіпкер, міне екі жыл болды, бұл жақта бұрын-соңды кездесе қоймаған түйеқұс өсірумен айналысуда.
«Соншалықты ыстық Африка мен Австралиядан әкелінген құстар ауданымыздың ауа райына тез бейімделіп кетті. Алдымен африкалық балапандардың әрқайсысын 100 мың, австралиялықтарын 70 мың теңгеден сатып алдым. Шүкір, бүгінде жемісін беріп жатыр» дейді кәсіпкер ағамыз.
Негізі күтімі, бабы келісіп, уақтылы жем-шөбі берілсе, түйеқұстан жомарт құс жоқ көрінеді. Оның еті, терісі де, тұяғы да, тұмсығы да, жүні де үлкен сұранысқа ие. Медициналық тұрғыдан келсек, етінің құрамында май мен холестерин аз болғандықтан сіңімді. Түйеқұстың аталығы 120-150 келіге дейін ет береді. Әр маусымда 120 жұмыртқа табатын түйеқұс орта есеппен 80-100 жылға дейін өмір сүре береді екен. Әрине, күтімі болса.
Иә, жұмыс істеймін деген адамға кедергі жоқ. Тек қай істі бастасаң да тәуекелге бара алу керек. Әлзақтың шаруашылығын көріп, осындай ойға келдік.