Түркістан: Көгалдандыру жұмыстары қатаң бақылауда болады
Түркістан облысындағы аудан, қаланы көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау назарға алынады. Түркістан облысының аудан, қалаларында көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту және полигондарды заңдастыру мәселесі бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен Созақ, Түлкібас, Сайрам, Бәйдібек, Ордабасы аудандарында мәжіліс өтті.
Жиында аудан, қаладағы көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарды заңдастыру мен қайта өңдеу салалары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Басқосуға Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары М.Өмірәлиев, Түркістан облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы, аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары және көгалдандыру жұмыстарын үйлестіру бойынша бекітілген қызметкерлері мен салаларға жауапты мамандар және кәсіпкерлер қатысты.
Онда көгалдандыру саласында атқарылған жұмыстарға бақылау жасау, есебін жүргізу, практикалық кеңес беру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу қажет екені талқыланды. Сондай-ақ Ордабасы ауданында «Жетікөл» көлдер жүйесін сумен толтыруға қатысты тиісті су арналары арқылы су босату мәселелері қаралды.
Қайрат Амангелдіұлы облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталып өтті.
–Көктем айы жақындап келе жатыр. Тазалық – қала көркі, адам жанының айнасы. Осыған орай елді мекендерді, ауыл-аймақты, көркейту, көгалдандыру, ағаш көшеттерін қондыру, тазалық сақтау – әр азаматтың міндеті. Сондықтан барша азаматтар атсалысуы қажет, – деді ол.
Айта кетсек, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген еді. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау, қала, аудан әкімдеріне жүктелген. Облыста жалпы аумағы 798 939 га құрайтын 852 елді мекен бар. Облыстың елді мекендерінің 90 пайызын көгалдандыру үшін 3 жылда 3 миллионнан аса көшет өндіру қажет болатын.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі