Түркістандық балуандар ел чемпионатынан олжалы оралды
Қазақ күресінен Семей қаласында жасөспірімдер арасында кезекті Қазақстан чемпионаты аяқталды. Бұл сайыста Отырар ауданының өрені Рысдәулет Жаманқұл 50 келіде алтын медальді қанжығасына байлады. Жеңімпаз атанған саңлақтың жеке бапкері Құрбанбек Әділбековтің де ерен еңбегі бар.
Боз кілемде белдесіп, күрес мамандарының үмітін ақтаған Аян Иманқұл 70 келі салмақта күміс жүлдегер атанды. Сахибай Азамат 70 келіде чемпион атанса, 50 келіде күрескен Жаманқұл Рысдәулет те қоржынға алтын жүлде салды. Талантты спортшы Әбдіразақ Ернұр 60 келіде екінші орынға ие болса, 82 келіден жоғары салмақта Бейсенәлі Мейірхан қола медаль еншіледі. Қыздар арасында 36 келіде Халида Нұрханова қола жүлдегер атанды.
Ел чемпионатында Түркістан облысының балуандары 3 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық екінші орынды иеленді. Облыс құрамасын жарысқа жан-жақты дайындап, шеберліктерін шыңдауда қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстың аға жаттықтырушысы Айдос Сералиевтің еңбегі мол екенін атап өткен жөн. Сонымен бірге білікті басшы Шадияр Қондыбаев басқаратын Түркістан облысының Бекзат Саттарханов атындағы мектеп интернат-колледжінің дарынды ізбасарлары да ортақ жеңіске айрықша үлес қоса білді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі