Түркістан: Шаруаларды ағын сумен қамту ісі тұрақты бақылауда

0

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы «Тұран су» МКК меншігіндегі су жүйелерінің жағдайымен танысты. Мақсат – көктемгі егістік науқанына дайындықты пысықтау, шаруаларды ағын сумен қамту ісін жүйелеу. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша шаруаларды ағын сумен қамту ісі тұрақты бақылауда.

Еліміздегі суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиеселі. Сондықтан ағын су мәселесі өте өзекті.

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдар қайта жаңғыртылатынын айтқан еді. Сонымен бірге жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшіруді тапсырды. Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суармалы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр.

Бүгінде өңірде шаруалардың суды қажеттіліктен артық пайдалануына, ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін облыста нақты тариф бекітілген. Нәтижесінде шаруаларға ағын суды тек қажеттіліктеріне сәйкес бөлу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар су шығынын үнемдеу мақсатында «Түркістан» магистральды каналының бір бөлігін темір бетонмен қаптау жұмыстары аяқталып, барлық шлюздардағы су өлшегіштер есепке алынып, су балансын сақтау жұмыстары бір жүйеге келтірілген.

«Тұран су» мекемесінің міндеті – теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асыру. Облыс әкімінің орынбасары суға жауапты басшыларға жауапты маусымға дайындықты пысықтап, көктемгі кезеңде жауын-шашынның мол түсуі ықтималдығына байланысты алдын-алу шараларын күшейтуді және вегетациялық кезеңде шаруашылықтарды қажетті мөлшерде ағын сумен қамтамасыз етуді тапсырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


ПІКІР ЖАЗУ