Подъезді ерекше сәндеп қойған

0

Шымкентте ерекше көпқабатты үй жұртты сүйсінтті. Себебі тұрғындар үйдің кіреберісіне қазақ батырларының портреттерін іліп қойған.

Көпқабатты бұл үй А.Байтұрсынов көшесі бойында орналасқан. Науқастың шақыртуымен үйге кездейсоқ келген жедел жәрдем қызметкері подъезд ішін видеоға түсіріп алып, желі парақшасында жариялады.

«Мен жедел жәрдемде істеймін. Неше түрлі подъезд бен үйлерді көремін. Бірақ мынандай үйді бірінші рет көріп тұрмын. Осы үй тұрғындарына риза болдым. Алланың нұры жаусын! Осы арқылы біздің өскелең ұрпақ, болашағымыз батырларын таниды. Міне, қарашы! Наурызбай батыр, Жанқожа батыр, Баян батырымыз. Өңшең мықты тұлғалардың суретін іліп қойған. Сырым батыр, Саурық батыр, Сыпатай батыр, Қарасай батыр! Өте риза болдым. Мынау нағыз батырымыз – Жәнібек батыр»,-дейді автор.

Видеоны көрген желі қолданушылары тарихты ұмыт қалдырмай, батырларымызды үлгі тұтқан тұрғындарға дән риза болды.

«Керемет», «Не шықса да Шымкенттен шығады десеңіздерші», «Осыны жасаған кісілерге Алла разы болсын! Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа қаншама үлгі, өнеге болып тұр», «Жарайсыңдар», «Бұл үйде тарих немесе әдебиет пәнінің мұғалімі тұрады-ау», «Үш жүздің батырлары бас қосқан үй десеңізші. Жарайсыздар», «Керемет, демек көзі ашық, батырларды құрметтейтін адамдар тұрады екен» деп жазды желі қолданушылары.

Пікір қалдырғандардың бірі өзі осы үйде тұратынын алға тартқан. Ал батырлардың портреттерін кіреберіске Ринат есімді көршісі ілгенін атап өткен.


ПІКІР ЖАЗУ